Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 9 қазанда Тараз қаласының Орталық стадионында Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» тарихи драмасын қояды. Жоба жетекшілері: КСРО халық артисі, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр директоры Ерлан Біләлов. Режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов. Режиссерлері: ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Кәкішева, Е.Нұрсұлтан. Суретшісі – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Есенгелді Тұяқов. Сахна қозғалысы: Ә.Байлин, В.Гончарев, М.Айдарқұлов. Композиторы – Ш.Базарқұлова. Биін қойған – Г.Мұхамеджанова.
XVI ғасыр. Алтын орданың ыдыраған тұсында, жақ-жақ болып ұрысқан баянсыз қан төгіс, қатігез шапқыншылық меңдеткен қазақ руларын Әбілқайыр ханның тепкісі бір бүйірден қыса түседі. Туысқан ұлыстардың алдында өзара бас біріктіріп, Орда тігіп орныға аламыз ба деген ұлы сын тұрды. Осы шақта Болат сұлтанның ұлы Керей мен Барақ ханның ұлы Жәнібек сұлтандар берекеге белін буған елді бастап қоныс болар мекен іздеп Моғолстан ханы Есенбұғаға келеді. Сол тұста Шығысында Қытай, солтүстігінде Ойраттар, оңтүстігінен Әбусейіт пен Жүніс сұлтандар шабуылдап, Моғолстанға қауіп төңдіріп тұрған-ды. Есенбұға қазақ руларының бұрынғы ата қонысын бөліп беріп, іргелес ел ретінде қондырып, өзіне қорғаныc табады. Бұл көріністер басы қосылып, берекесі ұйысқан қазақ ұлыстарының Керей сұлтанды ақ киізге отырғызып хан көтеріп, тарих сахнасына Қазақ Хандығы келген сәтке ұласады. Қойылым дала жауынгерлерінің ұрыстары, ақын-жыраулардың мақамдары және ұлттық дәстүрлермен әрленеді.
Шежіре-тарих еліміздің ертеңін жас ұрпаққа аманат етеді. Қойылым Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік, бірлік, азаматтық рух туралы ойларымен түйінделеді.