Бүгін Қырғызстан Республикасы V Халықаралық «Арт Ордо» фестивалінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының Ерлан Біләл бастаған ұжымы Ж.Ерғалиевтың «Қас қағым» (реж. Е.Нұрсұлтан) метафизикалық трагедиясын сахналайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фестивальге Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларының театрлары қатысуда. Қойылымдар Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрында сахналанады және ілеспе аудармамен жүреді. Қазылар алқасының төрағасы – театрымыздың көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов.
Бұған дейін театр ұжымы екі бірдей қойылымды сахналауға атсалысқан болатын. Оның бірі – Астана төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымы болса, екіншісі – Тараз төрінде қойылған Жабал Ерғалиевтың «Қилы жол» драмасы. Екі спектакль де театр ұжымының мерейін асырған шоқтығы биік туындылар болды.