Өткен жексенбіде Астанада Игорь Моисеев атындағы аты аңызға айналған Мемлекеттік академиялық ансамблінің концерті өтті. Ұжым биыл өзінің 75 жылдығын атап өтіп жатыр.
Атақты ұжымның негізін қалаушы - хореограф-балетмейстер, КСРО халық әртісі Игорь Александрович Моисеев. Игорь Моисеев 101 жасқа келіп қайтыс болған еді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауы бойынша, концерт «Ресей – Қазақстан XXI ғасыр» фестивалі және «Астана – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылдығының аясында өтіп жатыр.
Өнерді бағалайтын халыққа аңыз болып таралған ансамбльдің білікті ұжымы «Конгресс-холда» өнер көрсетті. Концерт барысында әр би өнерінен соң көрермен қол шапалақтап, қошемет көрсетіп отырды. Мұның ішінде халық биі «Қара жорға» биін билеген кезде көптің көңілі шалқып, риза болысты. Халық биінің интерпритациялық нұсқасы өте сәтті шыққанын осыдан-ақ байқауға болады. И.Моисеев атындағы Мемлекеттік академиялық ансамблінің директоры Елена Щербакова концерт соңында сахнаға шығып, көрерменге деген алғысын жаудырды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне көрсеткен қолдауына рахмет айтты.
Қазақстан мен Ресейдің мәдени байланысының жемісін осы концерт айқын дәлелдеп бергендей...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: infpol.ru