Метрополитен Опера (Metropolitan Opera) – Америка Құрама Штаттарының белгілі опера театры. Нью-Йорк қаласында орналасқан театр 1883 жылы «Фауст» қойылымымен ашылды. 1966 жылы театр «Линкольн орталығына» көшті. Жаңа ғимараттағы театр жұмысы Барбердің «Антоний и Клеопатра» операсымен басталды.
Метрополитен театры өз қызметін бастаған кезде көбінесе Вагнердің шығармаларын қойды. Театрда 1884-1891 жылдары дирижёр Дамрош, 1908-1910 жылдары Малер қызмет етті. 1910 жылы кез келген шығарманы түпнұсқа тілінде орындау дәстүрі бастау алды.
Метрополитен Опера сахнасында Альбани, Зембрих, Имс, Мелба сынды атақты әншілер өнер көрсетті. XX ғасырдың бірінші жартысында театрда Галли-Курчи, Дестинова, Джильи, Мельхиор, Пинца, Руффо, Тиббет, Флагстад және т.б. әншілер қызмет етті. Варни, Стибер, Такер сынды танымал әншілер өз шығармашылық жолдарын осы театрда бастаған. XX ғасырдың екінші жартысында Бастианини, Гобби, Каллас, Гедда, Гяуров, Дель Монако, Доминго, Кабалье, Лондон, Б. Нильсон, Паваротти, Л. Прайс, Сазерленд, Силс, Скотто, Тебальди, Шварцкопф Метрополитен Опера театрында танымал шығармаларды орындады.
Метрополитен Опера – Американың ең ірі мемлекеттік емес мәдениет ошағы. Театр «Метрополитен-опера хаус компани» акционерлік қоғамындағы қаржы негізінде құрылған. Метрополитен Опера театрына әлі күнге дейін жеке тұлғалар мен коммерциялық мекемелер демеушілік етеді.
Метрополитен Опера театрын «Мет» деп атайды. Театрдың көркемдік жетекшісі – Джеймс Ливайн, бас директоры – Питер Гельб.
Театр қыркүйек-сәуір айларында жұмыс істейді. Мамыр мен маусым айларында театр гастрольдік сапарларға шығады. Шілде айында театр труппасы Нью-Йорк қаласындағы саябақтарда тегін өнер көрсетеді.
Форумда талқылау
Суреттер orpheusmusic.ru, prescottollinewsletter.wordpress.com, mir3d.ru ғаламтор беттерінен алынған