- Негізгі бет
- Театр
- "Мен, ұмытылмаймын!"...
"Мен, ұмытылмаймын!"
Отырғанын қарашы күйім келмей,
Қайда кеттің?
О, Муза! Құйын желдей.
Аузымды ашсам өкпемнен жел үреді,
Қаңыраған иесіз диірмендей.
Мұздатады жанымды бұйым көрмей.
Дәптер жатыр парағы аударылмай,
Аударылмай шынымен қалғаны ма-ай!
Ойлар жатыр еңсемді бір көтертпей,
Тона-тонна қорғасын салмағындай.
О, Муза!
Әуреге салғаның-ай!
Муза әуреге салған Мұқағали Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында "Мен, ұмытылмаймын!" деп бүгінгі заман иелеріне тіл қатпақшы. Лирикалық драманың тұсаукесері ақпан айының 20, 21, 22 жұлдызында өтеді.
Туындыда ақиық ақынның соңғы бір күні көрсетіліп, өткен күндердің елестері де тыс қалмайды. Ақын Музамен сырласады. Ол "Мен бүгінге дейін не істедім?" дегенге жауап іздейді. Режиссердің айтуынша, қойылымның мақсаты – Мұқағали рухын қайта жандыру, халқымен қауыштыру, сөйлету, үндестіру екен.
"Мен, ұмытылмаймын!" драмасында:
Жоқ, дәрігер!
Жүрегіме жүк артып жүргенімде,
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба, білмеймін кірледің бе?
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,
Дәрігер-ау,арқалап жүремін бе? - деп Мұқалғали Мақатаев шағым айтқан дәрігер, медбике, Муза, Қара киімді достары көрінеді.
Шығармашылық топпен де таныстырып өте кетейік,
Инсценировка және қоюшы режиисері – ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Балтабай Сейітмамытұлы;
Қоюшы суретшісі – Мәдениет қайраткері Серікқан Омаров;
Әндерін өңдеген – Болатбек Нұрқасымов (қойылымда Роза Әлқожа, Танакөз Толқынқызы және Балтабай Сейітмамытұлыныңы өлеңдері қолданылатын болады);
Режиссердің ассистенті – Қуаныш Тұрдалин;
Режиссердің көмекшісі – Әлия Әбсаттарова;
Балтабай Сейітмамытұлы, қоюшы-режиссер:
– Жалпы Мұқағалиды оқымайтын қазақ жоқ, әлі күнге дейін ҚазҰУ-да Мұқағалидың фанаттары бар, сол туралы өлең жазып, өлеңдерін жаттап жүрген жастар көп.
Менің айтайын дегенім бұл спектакльде – өмірінің соңғы сәттері суреттеледі. Оның қасында жүрген Музасы, Әкесі, Қара киімді, достары бейнеленеді. Өзінің өмірінің соңғы уақыттарында есеп беріп беріп отырған сияқты. Ешкімді кінәламайды, бәріне өзім кінәлімін дейді. "Жақсы мен жаманды, адал мен арамды шатастырып жүрген өзім, әттең кеш", - деп өкінетіні бар. Кешегі дүниеден өткен Фариза Оңғарсынова апамыз да Мұқағалидың мұңын тыңдап, Мұқағалиды жырлап кеткен. Мұқағали да бір ғасырда бір туатын жан, бірегей талант иесі. Менің қойылым арқылы айтайын дегенім, Мұқағалиды қайта тірілту, қайта жандыру, халқымен қауыштыру, сөйлету, үндестіру.
Бейбіт Камаранов, Мұқағали рөлін сомдаушы актер:
– Мұқағали Мақатаевтың өмірін бір жарым сағатқа сыйдыру мүмкін емес, өзіңіз білесіз. Балтабай Сейітмамытұлы ағамыздың алып отырған тақырыбы – Мұқағалидың соңғы күндерінің бір күнін көрсету. Мен тақырыпты ашу үшін барынша атсалысу үстіндемін. Соңғы сағаттар, соңғы минуттар арқылы ақынның өткен өмірін де беріп көрсек деген ой. Мұнда тек қана өзі туралы, өзінің ойлары халыққа, достарына деген сөздері айтылады. Екі кейіпкер ғана бар: қара киімді мен музасы.
Ал өзімнің рөліме келсем, мен үшін Мұқағалиды ойнау өте қиынға түспек. Қазіргі таңда қызу дайындық үстіндеміз, тұсаукесер кезінде халық бағасын бере жатар деймін.
Мұқағали жырын сіз де оқисыз, біз де оқимыз. Алайда, бұл қойылымға жыр тыңдау үшін емес, ақынның, азаматтың ішкі дүниесіне, ойына үңілу үшін барыңыз дегіміз келеді. Бір сәт өткенге бұрылыңыз, аға буынның ақылына құлақ түріңіз. Бәрінен де жан сарайыңызды байытатын рухани азық алуға асығыңыз!
Театрда кездесейік!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Театрдың баспасөз қызметі, vk.com