Мемлекеттік қуыршақ театрының 83-ші маусымы ашылады

Мемлекеттік қуыршақ театрының 83-ші маусымы ашылады
Фото: Гүлім Көпбайқызы

80 жылдан астам тарихы бар өнердің қара шаңырағы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 2017 жылы 5 қазан күні сағат 16:30-да салтанатты түрде кезекті 83-ші маусымын ашады. Аталмыш мереке театр әртістерінің қатысуымен театр фасадындағы ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Бөшке» драмасының негізінде режиссер Рүстем Жаныаманов сахналаған көрініспен бастау алады.

Сағат 17.00-де Евгений Ионовтың «Ана жүрегі» спектаклінің премьерасы көрермен назарына ұсынылады.

Қоюшы режиссері – Антон Зайцев.
Қоюшы суретшісі – Сергей Мельцев.
Сахналық биін қойған – Гүлжан Дәулетқұлова.

Бұл қойылым арқылы режиссер А.Зайцев қуыршақ театры сахнасына жаңа леп әкелді. Пьесаның мазмұны ауыр болғанымен, беретін тәрбиесі мол. Кез келген жастағы көрерменнің көңілін оятып, жүрегіне иман ұялатпақ. Анадан туған жалғыз ұл жоқшылықты місе тұтпай, ар көріп, анасына қарсы шығады. Тас қаланың тас жүрек жастарына қосылған жетесіз ұл "ұлым" деп еңіреген ананың көз жасы қойылымның басты идеясын ашып көрсетпек. Баласының туған күніне қолында қалған жалғыз жанып тұрған балауыз шырақты сыйға тартпақ болған ана жүрегі сол шырақпен бірге сөнеді. Режиссер Антон Зайцев осы бір шынайы өмірді қуыршақ сахнасында қуыршақ тілінде сөйлетпек.

Ана бейнесінде – актриса Толқын Тлеулиева, қуыршақ бала – актер Рүслан Абу және сахнада көпшілік театр әртістері өнер көрсетеді.

83-ШІ МАУСЫМ ЖОСПАРЫ:

Қазан айының 20-24 аралығында Түркия елінде өтетін ІІІ Халықаралық театр фестиваліне «Арыстанның үрейін қалай емдеу керек?» (авторы: М.Дългечева, режиссері: Э.Тотева-Андотова) және «Қуыршақ думан» (авторы және режиссері: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымдарымен қатысуды жоспарлап отыр.

Жаңа маусымда театр ұжымы режиссер Р.Отарбаевтың «Сағыныш шөбі», Е.Жуасбектің «Тоба» қойылымдарын, Б.Жораевтың «Батыр мен Алабай», «Қожа мен спорт», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», А.Гофманның «Щелкунчик» атты туындыларын кішкентай көрермендерге сахналап, тарту етпек.

Аталмыш өнер ұжымының қашан да ізденіс үстінде екенін театрдың бүгінгі тынысынан байқаймыз. Сахналанған жаңа қойылымдарды арнайы театр сыншыларының сараптамасынан өткізуді әсте дағдыға айналдырған.

@. @assel_assanova