- Негізгі бет
- Театр
- "Меккеге қарай ұзақ...
"Меккеге қарай ұзақ жол"
"Меккеге қарай ұзақ жол" – белгілі режисер Нұрқанат Жақыпбайдың 2011 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен XIX республикалық театр фестивалінде "Ең үздік спектакль" номинациясына ие болған дара туындысы.
"Меккеге қарай ұзақ жол" – Жаратқанды ұмытып, жаратылғандарға табынып адасып жүрген, келген жағы мен қайтар бетін ұмытқан, күнәға белшесінен батып, патшаларын ғана ұлықтап, жаны, тәні, ойы ластанғандардың барар жері...
"Меккеге қарай жол" – ұлы тәждің иесі ұлы Императордың, төрткүл дүниенің Көлеңкесінің, оны туған кәрі Жарықтың (ана), нәпсісін таспен атып өлтіргісі келетін Ересектің, Құдайдың құрбандығына арналған жас Баланың, театралдық термин арқылы, адамдардың жанын жариялауды мақсат тұтқан Ремарканың (қыз), ешкімге де сенбейтін, өзін поэзия императоры санайтын Ақынның ұлы сапары...
"Меккеге қарай жол" – С. Раевтың әдемі әфсанасы, ғибартты аңыз-драмасы. Өзіндік жаңалығы, арқалаған ауыр жүгі бар қойылым. Мәнін, мағынасын кез келген көрермен түсіне бермейді, жоғарғы білімді, салиқалы ойды талап ететін туынды жалпы адамзатты тәубеге келуге шақырады. Қойылымның ең кішкентей әрі ең негізгі кейіпкері Баланың монологына құлақ түріңізші:
"Мен сізге мынаны айтқым келеді. Сіздерге де...
Біз ол жаққа барғанда ...ал біз ол жаққа, қаласақ та, қаламасақ та барамыз... Ол бізге міз бақпай қадала қарайды... Қадала қарағаны соншалық, біз одан ештеңені де жасыруға шамамыз келмей қалады.
Сөйтіп, ол біздегінің бәрін көреді...
Сен құпияңды жасырып қалуға қаншама әрекеттенгеніңмен, одан құтыла алмасыңа көзің жетеді. Бойыңды үрей кернейді. Қорқынышты болатыны соншалық, оның, сенің жан дүниеңнен көріп тұрғандарын, сен өзің де көріп тұрасың.
Ал, тозақ деген, аузынан қайнап, от жалын шашып жатқан қазандықтар емес, ол – біз, біздің өзіміз! Тозақ деген – жаратқанның алдына өзімізді-өзіміз қандай кейіпте алып баратынымызда!
Осы бір қысқа ғана ғұмырымызда, қорқыныш пен сақтықты ескермей жанымызбен арымызды саудаға салып, өзге тұрмақ өзіңнің болмысыңа араша тұра алмай, ешуақытта шындық айта алмай, жаратушыға шын сыйына алмай, шын дос болып, ғашығына жүректегі шын сөзіңді айта алмағандығымызда...
Бір сәттік нәпсіміз үшін, базардағы алаяқ секілді, жақсылық пен жамандықты бірдей саудаға салып, Алла мен Ібіліске бірдей қылымси жағынуға тырысқан, біздің тым ұзақ та қиын жолымыздың соңы немен бітер екен?...
Әйтеуір бір жететінімізге күмән жоқ... Мүмкін... ешкімде жетпейтін шығар.
Ал, егер осы қиыншылықтардың бәрін жеңіп жеткен күннің өзінде, оған не айтамыз?... Күнәмізді қалай өтейміз?...
Бұл шектен шыққан хайуандықтың құны не болмақ?"
"Құдайды басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ, құдай әркімнің өз жүрегінде" деген ойдағы алтау бір қадам жасау арқылы мәңгі күткен жағалауға аттанады.
Саф өнердің биігіне енді ғана көтеріліп келе жатқан жас ұжым – "Жастар" театрының қара шаңырақ сахнасында қойған аталмыш қойылымы көне мен жаңаны бір арнаға тоғыстыра білген. Әрдайым ізденісте жүретін Нұрқанат Жақыпбайдың өзіндік қолтаңбасы да байқалады. Мұны кейіпкерлердің сөздеріндегі терминдерден айқын аңғаруға болады. Бір қарағанда сонау ерте замандарда Франция жерінде өтіп жатқан оқиға секілді болып көрінгенімен, "Метро", Трамвай", "Вулкан", "Отвёртка", "Талон", "Квитанция", "Чемодан" сынды ұғымдар түсініспеушілікке себеп болып жатты. Іздесең, кемшілік көп-ақ. Бірақ, біз ол үшін барған жоқпыз. Мақсатымыз – Сарыарқадан Алатауға келген қадірлі қонақтарымыздың өнерін тамашалау, тисінше құрмет көрсету болды.
Талантты жастар құрамымен жасақталған жас театрға шығармашылық табыстар тілейміз! Бағындырар биіктеріңіз бен алар асуларыңыз мол болсын!
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: М. Әуезов театрының баспасөз қызметі