Бүгінгі таңда 83 жылдан астам тарихы бар өнердің қара шаңырағы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 4 қазан күні сағат 18:00-де салтанатты түрде кезекті 84-ші маусымын ашады. Аталмыш мереке театр артистерінің қатысуымен театр фойесінде Еркебұлан Қабдоловтың режиссерлігімен сахналандырылған көрініспен бастау алады. Театр ұжымы өнер мерекесінде бүлдіршіндер мен ересектерге арналған екі қойылымның тұсауын кесіп, көрермен назарына ұсынуды жоспарлауда. Аталмыш күні таңғы сағат 12:30-да бүлдіршіндер режиссер Антон Зайцев сахналағанВремя храбрых музыкалық қойылымын тамашаласа, кешкі сағат 18:30-да ересектер мен зиялы қауым назарына алғаш рет қуыршақтар бейнесінде Еврипидтің Медея трагедиясы жол тартпақ. Қоюшы-режиссері Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов, суретшісі Алтынай Жүсіпәлі. Медея махаббат үшін басын қатерге тіккен жан. Ясонның құлы болуға, құрбаны болуға әзір еді. Ессіз сүйген ғашығынан да дәл осындай сезім күтті. Суымайтын, жалынға толы махаббат тіледі. Алайда... Медея қасіреті бүгіннің емес, барлық замандар мен дәуірлердің қасіреті. Маxаббатқа құл болған Медеяның мұңы мен қайғысын әр көрермен дәл жанында тұрып сезінуі тиіс. Жер шарының түкпір-түкпірінде сахналанған әлемге аты мәшһүр бұл қойылым Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында жаңа заман махаббатын, қоғам тынысынан сыр шертіп, өзгеше әсер сыйлары анық.