"Астана Опера" театрының үшінші маусымын екі бөлімнен тұратын гала-концерт аяқтайды. 16 шілдеде Үлкен зал сахнасында өтетін салтанатты кеш аясында Л.Минкус пен Э.Дельдевездің "Пахита" балетінен жарқыраған Гран-паның тұсауы кесіледі.
"Астана Опера" балеттік труппасының көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жарқын да айбынды дивертисмент тұсаукесерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Мәдина Баспаева, Гауһар Усина, Жандос Әубәкіров, халықаралық байқаулардың лауреаты Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Еркін Рахметоллаев, Әсел Құсайынова, Әсел Шәйкенова, Елена Семенова, сонымен қатар "Астана Опера" театрының балеттік труппасы орындайды. Дирижер – Арман Оразғалиев.
Қоюшы балетмейстер "Пахита" спектакліне арналған мерекелік Гран-па – М.Петипаның" Трильби", "Кандавл патша", "Қанатты ат", "Сильфида", М.Фокиннің "Армида павильоны" сияқты ескі балеттерден тұратын ең тартымды вариациялар шеруі екенін айтты.
Әрбір солиске көпшілік алдында өзінің барлық әртістік шеберлігін паш ететін мүмкіндік ұсынылады. Сонымен қатар спектакльдің испандық стилистикасын сақтап, басқа балеттердің вариациялары «Пахитадағы» адажиомен және басқа номерлермен үйлескені маңызды.
– Бүгінде "Астана Опера" балеттік труппасы белсенді дамып келеді, мен соған қуаныштымын. Театрдың үшінші маусымында біз көп жұмыс атқардық: Л.Минкустың орасан зор "Баядерка" классикалық спектаклінің тұсауы кесілді, мазмұнды Гала-балет бағдарламасы құрылды. Жақында ғана ХХ ғасыр хореографиясының үздік туындысы – Р.Петидің "Париж Құдай Анасының соборын" ұсындық. Техникалық жағынан күрделі бұл балет бірегей стильдік мәнерімен ерекшеленеді, мұнда кордебалетке баса назар аударылған. Біз мұнымен тоқтамаймыз және ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткіземіз,– дейді Алтынай Асылмұратова.
Опера солистері де соңғы Галаға қатысады. Сахнада опера жұлдыздары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Медет Шотабаев, Сүндет Байғожин, Жан Тәпин, Жанат Шыбықпаев, Бибігүл Жанұзақ, Армения халық әртісі Барсег Туманян, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Жұпар Ғабдуллина, Талғат Ғалеев, Салтанат Мұратбекова, Айзада Қапонова, Галина Чеплакова шырқайды. Сонымен қатар тыңдарман Руслан Баймұрзин (домбыра), "Астана Опера" Симфониялық оркестрі мен хорының өнерін тамашалайды. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, режиссер – Наталья Кагадий.
Театрдың жетекші солистері Дж.Россинидің "Семирамида" операсынан Семирамида каватинасы мен Ассура ариясын, Г.Доницеттидің "Дон Паскуале" операсынан Норинамен Малетеста дуэтін, В.Беллинидің "Норма" операсынан Норманың ариясын, Ж.Массненің "Манон" операсынан Манон гавотын және тағы басқа әлемдік классикалық опера жауһарларын орындайды. Сонымен қатар, тыңдарман сүйіп тыңдайтын қазақтың халық әні "Еркем-ай", С.Мұхамеджановтың "Айсұлу" операсынан Серкенің каватинасы, Т.Мұхамеджановтың "Туған жер" сияқты отандық музыка туындылары шырқалады.
Астаналық сахнада ұсынылған көптеген спектакльдер мен концерттердің табысқа жетуінің сыры неде деген сұраққа "Астана Опера" театрының бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жауап берді.
– Әр қойылымда бүкіл өмірін өнерге арнаған аса жоғары санаттағы мамандар жұмыс істейді. Бұл адамдар өз ісіне үлкен сүйіспеншілікпен қарайды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында ерекше айта кететін жайт: опера театрының құрылысы мен онда шығармашылық ұжымның әлемдік деңгейде қалыптасуы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы. ҚР Президентінің арқасында "Астана Опера" театры тек сыртқы келбетімен ғана емес, толыққан музыкасының сапасы жағынан да әлемнің ең үздік театрларының бірі болып табылады. Бізге халықаралық деңгейдегі жұлдыздар келеді, ал қазақстандық әртістерді әлемнің ең үздік алаңдарында өнер көрсетуге шақырады. Бұл театр республикамыздың мақтанышы болып қалуы және Қазақстан мәдениеті мен өнері бүкіл әлемге танылуы үшін бәріміз жұмылып еңбек етіп келеміз және әлі де еңбектенеміз,– деді Ержан Дәуітов.