М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 22 қыркүйек пен 7 қазан аралығындағы Маңғыстау облысына гастрольдік сапары аяқталды. Гастроль шымылдығы Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында "Абай" трагедиясымен ашылып, "Бейбарыс сұлтан" тарихи драмасымен жабылды.
Жабылу салтанатында Ақтау қаласының әкімі Серікбай Тұрымов "Қаламызға келіп, халқымызға рухани байлық сыйлаған М.Әуезов театрының ұжымына алғыс айтамын. Театр өнердің шыңы десек, сол өнердің шыңында жүрген ғасырға жуық тарихы бар қазақ өнерінің қарашаңырағы Әкемтеатрға шығармашылық табыс тілеймін", - деді.
Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл Н.Жантөрин театрының директоры Нұрнияз Мұқанұлы мен көркемдік жетекшісі Гүлсина Мерғалиеваға алғысын білдіре отырып былай деді: "менің басшылық қызметімдегі алғашқы гастрольдік сапар болғандықтан, Маңғыстау жеріне үлкен тебіреніспен келген едік. Бүгінде 362 әулие мекендеген киелі жерді қимай кетіп барамыз. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен М.Әуезов театрының 90 жылдығы аясында театр репертуарындағы елді бірлікке шақырып, ізгіліктің тұғырын қадайтын, халықты адамгершілікке насихаттайтын шығармаларымызды көрермендер назарына ұсындық. Халықпен сахна арқылы тілдесіп, дидарластық. Алдағы уақытта шығармашылық сапармен қайта айналып келгенше, Маңғыстау жерін сағынатын боламыз".
Өз кезегінде Н.Жантөрин театрының директоры Нұрнияз Мұқанұлы: "15 күн бойы Маңғыстау облысының тұрғындарын өнерлерімен сусындатқан М.Әуезов театрының ұжымына қаламыздың өнер сүйер қауымының атынан алғыс айтамын. Біз М.Әуезов театрымен қоштаспаймыз, келесі кездескенше дейміз".
Жарты айға созылған гастрольдік сапардан қайтып оралған театр ұжымы бүгінде театрдың 91-маусымының ашылуына қызу дайындық үстінде. Театр шымылдығы 14 қазанда М.Әуезовтің "Абай" трагедиясымен ашылады, ал қазанның 22-23 күндері М.Омарованың "Ақтастағы Ахико-сан" спектаклінің премьерасы болады. Кезекті еңбек демалысы мен гастрольдік сапардан шығармашылық серпінмен қайтқан ұжым театр сүйер қауымды қарашаңырақтың киелі сахнасында күтеді.