- Негізгі бет
- Театр
- М.Әуезов атындағы Қазақ...
М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры «ЭКСПО-2017» көрмесінде өнер көрсетеді
Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 18-26 маусым аралығындағы өнер көрсетеді.
Қойылымдар Астана опера және балет театры мен Астана Жастар театрының сахнасында өтеді. Осыған орай, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 18 сәуір күні, сағат 15:00-де «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында көрермен назарына ұсынылатын 9 спектакльді таныстырып, «Экспо-2017» көрмесіне дайындық жұмыстары мен жаңалықтары жөнінде БАҚ өкілдеріне баспасөз маслихатын өткізеді.
Баспасөз маслихатына қатысатындар: Е.Біләл, Ә.Бөпежанова, Е.Обаев, А.Кәкішова, Е.Нұрсұлтан.
18 маусым, баст. сағ.18.00 Ғ.Мүсірепов «Махаббат дастаны». (реж.Қ.Сүгірбеков)
1940 жылдан бері театр сахнасынан түспеген бұл қойылымда жастардың сүйіп қосылуды арман еткен тілек-мүдделері қамтылады.
19 маусым, баст. сағ. 19.00 Р.Отарбаев «Сұлтан Бейбарыс» ( реж.Ю.Ханинго-Бекназар).
Дешті қыпшақ ұланы, он жасында жетім қалып, құлдыққа өзге елге сатылып кеткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс (1223-1277) – қатардағы құлдан Мысыр елінің ойлы да кемеңгер билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген тағдыры өте күрделі, қарама-қайшылықты тұлға. Қаншалықты биік атақ-даңқ пен аса зор билік әлеуетіне ие болса да Бейбарыс бабамыздың жүрегін мәңгілік бір сағыныш сыздатып өткен. Туған ел-жеріне, сайын даласына, жусанның ашқылтым иісіне деген сол сағыныш – спектакльдің де негізгі лейтмотиві. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді халық бекер айтпаса керек…
20 маусым, баст. сағ. 19.00 М.Әуезов «Абай» (реж.Е.Обаев).
Ұлы Абай… Шығармашылық тұлғасы өз алдына, ел ортасындағы, өз шәкірттері ортасындағы жақсыны көре-тани білген, ғашықтықты бағалай, әр шәкіртіне нағыз ұстаз бола білген адами тыныс-тіршілігі, сонымен қатар зұлымдықпен алысқан соқтықпалы, соқпақты өмірі. Жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысы. Қойылымда ұлы ақын шығармашылығының композиторлық қыры да ашыла түседі.
21 маусым, баст. сағ. 19.00 М.Омарова «Көмбе нанның дәмі» (реж.А.Кәкішова)
Қойылым түрлі тарихи жағдайда Қазақстанға жер аударылған ұлттардың тағдырын арқау еткен. Сол сұрқай замандағы адам тағдырын көрсете отырып, досқа құшағы ашық, мейірімі мен қайырымы мол қазақ халқының мәртебесін көтереді. Тарихты негіз еткен қойылымның айтар ойы – кешегі қиын күндер арқылы бүгінгі тыныштық пен берекенің нарқын білуге, бағалауға шақырады.
22 маусым, баст. сағ. 19.00 Ғ.Есім «Таңсұлу» (реж. А.Кәкішова)
«Ел болам десең бесігіңді түзе». Қыз өсіруге ерекше мән берген қазақ үшін осы ұғым – қағида. Толықсып бойжетіп, өз теңіне ұзатылғалы отырған, атына заты сай Таңсұлудың тағдыры ғасырлар бойғы қазақ қыздарының еншісі. Тұтқынға түскен ару, көз құрты болған сұлулығын өз еркімен тәрк етеді. Ұрпағын аман сақтап, махаббатына да қылаң түсірмейді. Қанша қиын күн туса да мойымай, ұлына бабалар рухын жырлайды. …Өзінің мұндай талайлы тағдырын он жасында түсінде көрген Таңсұлу – Ұлы Даланың жазылмаған заңы – тектілік пен намыстың символы десе болады.
23 маусым, баст. сағ. 19.00 Ғ.Мүсірепов«Қыз Жібек» (реж.Е.Нұрсұлтан)
"Қыз Жібек" эпосын махаббат гимні деудің әбден жөні бар. Оның нағыз көркем туындыға айналу процесі жүріп жатқан кезде, яғни ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ қоғамында жеке бастың, сезімнің бостандығы, махаббат еркіндігі туралы мәселе мұндай деңгейде ашық айтыла бермеген, ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты ежеқабыл, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты салттары үстем болған. Солай бола тұрса да, "Қыз Жібек" жырының шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың идеал туралы эстетикалық пайым-түсінігінде белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғанын айғақтайды. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне лайық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйленуді көздеуі - сол кезеңдегі жастардың ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарағанының бір себебі осында болса керек.
24 маусым, баст. сағ. 19.00 Ғ.Мүсірепов «Махаббат дастаны» (реж.Қ.Сүгірбеков)
1940 жылдан бері театр сахнасынан түспеген бұл қойылымда жастардың сүйіп қосылуды арман еткен тілек-мүдделері қамтылады.
25 маусым, баст. сағ. 19.00 Иран-Ғайып «Қорқыттың көрі» (реж. Й.Вайткус)
…«Қорқыттың Көрі» – Қорқыт-Бабамыздың запырандай ащы аңыз-өміріне арнап қойылған Сахналық Түйсіктің Бейне-Тұжырымы.
«Қорқыттың Көрі» – Өркениеттің, Мәдениеттің, Өнердің, Күйдің – Қасиетті де Киелі Рухани Ұғымның – Жаназа-Реквиемі.
«Қорқыттың Көрі» – Дүние-Кезек – Діндер астасуы…
Қойылым оқиғасы – Расул (Мұхамед) Пайғамбар заманына жақын тұста (VII-VIII ғасырда) Баят (Сырдария өзені)бойында өтеді.
Қорқыт – Бүкіл Шығыс Өркениеті іргетасын қалаушылардың ішіндегі ең айтулы Тұлға.
26 маусым, баст. сағ. 19.00 «Бейбарыс Сұлтан» ( реж.Ю.Ханинго-Бекназар).
Дешті қыпшақ ұланы, он жасында жетім қалып, құлдыққа өзге елге сатылып кеткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс (1223-1277) – қатардағы құлдан Мысыр елінің ойлы да кемеңгер билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген тағдыры өте күрделі, қарама-қайшылықты тұлға. Қаншалықты биік атақ-даңқ пен аса зор билік әлеуетіне ие болса да Бейбарыс бабамыздың жүрегін мәңгілік бір сағыныш сыздатып өткен. Туған ел-жеріне, сайын даласына, жусанның ашқылтым иісіне деген сол сағыныш – спектакльдің де негізгі лейтмотиві. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді халық бекер айтпаса керек…
БАҚ өкілдеріне «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында сахналанатын қойылымдардың пресс-релизы, фотосуреттері мен телеарналар үшін спектакльдердің үзінділері ұсынылады.
А. Оралқызы