Ағылшын драматургі Рэй Кунидің (Рэймонд Джордж Альфред) «Әзәзіл ақша» комедиясының аудармасы бойынша режиссер Есләм Нұртазин сахналаған «Мани-мани» комедиялық қойылымының прьемерасын көрермен жақсы қабылдады.
Қойылым желісі бас кейіпкер Генри Перкинстің аяқ астынан бір чемодан ақша тауып алып, үйіне келген сәтінен басталады. Ары қарай оқиға осы бір чемодан ақша төңірегінде күлдіре отырып, ойландыратын әрекеттермен өрбиді.
Чемодандағы 1 миллион 750 мың фунт стерлинг төңірегіндегі күлкілі оқиға комедия кейіпкерлерін сан құбылтып, олардың бір-біріне деген қарым-қатынасын, болмысын аша түседі.
Комедияда көрініс табатын кейіпкерлер әрекетінен көрермен бүгінгі қоғамдағы ақша мен адам қатынасындағы мәселелерді көре отырып, ақшаның адамға қалай әсер етіп, өзгертетінін оқиға ішіне еніп, сезінгендей болды.
Комедиялық жанрдағы қойылым болғандықтан, актерлердің әр қимылы, сөзі көрерменді күлкіге көміп, оқиғаны жеңіл әрі түсінікті қабылдауына жол ашты.
«Мани-мани» комедиялық қойылымының прьемерасынан езуі жиылмай шыққан көрермен әзіл түбінде жатқан ащы шындықты да тап басып көре алды. Сол арқылы бұл комедия бүгінгі қоғамның да талмауыр тұсын дөп басқан қойылым екенін түсінді.
Режиссер Есләм Нұртазин көңілді әрі жеңіл атмосфера қалыптастыра білген қойылымды актерлердің шынайы әрі шебер ойындары тіптен жарқыратып, көрермен көңілін серпілтіп, қоғамға, өмірге деген көзқарасына өзгеріс жасауға титтей болса да әсер еткендей.
Бүгін «Мани-мани» комедиялық қойылымы премьерасының екінші күні. Ендеше, театрға асығыңыздар!
Өміржан Әбдіхалықұлы