Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры Алматыдағы гастрольдік сапарын аяқтады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құрылғандарына 12 жылдың жүзі болған Маңғыстау театры Қазақстандағы ең жас театрлардың бірі. Театр тарихының қысқалығына қарамастан М.Жантөрин театры осы күнге дейін талай биіктерді бағындырып үлгерген. Театр ұжымы Алматы жұртшылығына осымен екінші рет өз қойылымдарын ұсынып, театрсүйер қауымның ыстық ықыласына, театр қайраткерлерінің оң бағасына ие болып отыр.
Осыған орай аталған театрдың директоры, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Нұрнияз Мұхановты сөзге тарттық.
Нұрнияз Мұханов, театр директоры, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері
«Біздің театр биыл 12-ші маусымын бастады. Қазақстандағы ең жас театрлардың бірі, бұл сапарымыз Алматыға бірінші рет емес. Келген себебіміз, өзіміз қалай екенбіз, қазақтың рухани астанасы Алматыға келіп есеп берейік, осындағы талғампаз көрерменнің бағасын алайық, театр сыншыларының айтар пікірін естиік деген едік. Бұл сапарымыз өте сәтті болды. Өйткені, төрт қойылымымыздың барлығын да көрермен өте жақсы қабылдады. Біздің театрдың басқа театрлардан ерекшелігі – біз эксперименталды театрмыз. Алматыға келгеннен кейін Әуезов атындағы әкемтеатрдың басшылары бізге үлкен қамқорлық жасады. Төрт күн бойы үлкен залын берді, төрт күн бойы барлық техникалық жағдайларды жасады».
Гүльсина Миргалиева, бас режиссер
Біз келген кезде ауа райы жайсыз болғанымен, келесі күні өзгеріп шыға келді. Сол секілді жағдай қойылымдарымызға да қатысты болды. Біз "Қозы-Көрпеш Баян сұлуды" әдеттегіден басқалай қылып қойдық қой, сондықтан көрермен оны қабылдай алмай жатты. Сонымен қатар, "Ана-Жер Ананы" да халық түсінбей жатты. Ауыз екі тілде "ана жер", "мына жер" деп айтылады ғой... Бұл енді жас режиссер. Жақсы болды ма, жаман болды ма, көрермен айтсын. Қалай болғанда да, бұл қойылымдардың да өмір сүруге толық құқығы бар. Төртеуінің де: "Қозы-Көрпеш Баян сұлу", "Ана-Жер Ана", "Зілзала", "Калигула". Біз театрымыздың қандай екенін, қандай бағыт алғанын, әртістеріміздің қандай екенін көрсеткіміз келді. Ұрысса маған ұрсар. Бірақ әртістерге ешкім сын айта алмас. Олар жұмысын істеп отыр. Ал мені сынауы мүмкін.
Осыған дейінгі берген ақпараттарында Маңғыстау театры әдеби қызметкердің, театр сыншысының жоқтығын айтқан болатын. Осы сауалға Г.Миргалиева: "Біз, біріншіден, фестивальдерге көп қатысамыз. Сол кездерде біз сыншыларды Ақтауға көп шақырамыз. Жалпы, бізге сыншылар көп келеді. Тек, бізде, өзімізде сыншылар жоқ. Ақтауға әрқашан сыншыларды шақырамыз. Сығаев, Кабдиева жиі келеді. Меруерт Жақсылықты шақырып жүрміз. Ертең сағат 10-да театр сыншыларын жинап отырыс өткізіп, қойылымдарымызды талқыласақ па деп отырмыз", – деді.
Естеріңізге сала кетейік, қазанның 10-ы күні Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры Алматыдағы гастрольдік сапарын бастаған болатын. Театры ұжымы Алматы көрермендеріне Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер ана», Мұхтар Әуезовтың «Қаралы сұлу», С.Цвейгтың «Амок» новелласы және 2011 жылы Жапонияда болған зілзала желісі бойынша дайындалған «Зілзала» қойылымы, А.Камюдың «Калигула» трагедиясы сынды төрт қойылымды ұсынды.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: М.Әуелханұлы