Маңғыстау театры "Ана - Жер Ана" қойылымымен таныстырды

Маңғыстау театры "Ана - Жер Ана" қойылымымен таныстырды

Қазанның 10-ы күні Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры Алматыдағы гастрольдік сапарын бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Театры ұжымы Алматы көрермендеріне Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер ана», Мұхтар Әуезовтың «Қаралы сұлу», С.Цвейгтың «Амок» новелласы және 2011 жылы Жапонияда болған зілзала желісі бойынша дайындалған «Зілзала» қойылымы, А.Камюдың «Калигула» трагедиясы сынды төрт қойылымды ұсынып отыр.

Кеше Маңғыстау театры Айтматовтың "Ана - Жер ана" атты қойылымын ұсынды. Қоюшы режиссері - Дина Жұмабаева.

Бұл қойылымды тамашалауға Есенғали Раушанов, Асанәлі Әшімов секілді еліміздің танымал тұлғалары келді. Маңғыстау театры актерлерінің ойыны көрерменді тәнті қылғаны сөзсіз. Себебі спектакль барысында мұрнын тартып, көз жасын сүртіп отырмаған адам кемде-кем. Қойылым соңында жұрт театрда отырғанын ұмытып кетті-ау шамасы, ысқырып, дауыстап, "браволап" ризашылығын білдіріп жатты.


Өз басым, қойылым өте ұнады, трагеия жанрының көркем бейнесі десем қате айтпаймын.

Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрына тек шығармашылық табыс пен әрдайым көрермен ризашылығын тілейміз!

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: Massaget.kz

Ф. Абилова