Көктем – махаббат үстемдік ететін мезгіл. Бұл ұлы сезімге арналған «Ол кезде ерте көктем еді» атты концерт 17 сәуір күні «Астана Опера» театрының Камералық залында өтеді.
Концертте камералық-вокалдық шығармалар ғана емес, П.И.Чайковскийдің операсынан ариялар мен дуэттер шырқалады. Оларды орындайтын әртістер – меццо-сопрано Салтанат Мұратбекова («Астана Опера» театрының солисі), сопрано Елена Ганжа («Астана Опера» театрының тәлімгері, вокал) және шақырылған баритон – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыргөзов. Кеш бойы рояльде сүйемелдеуші – Александра Егорова.
Ұлы композитордың шығармасын бағалайтындар мен ән сүйер қауымға тосынсый ретінде «Көкек» және «Егер білсем ғой, хабардар болсам» сияқты романстар тұсауы кесіледі. Бұдан басқа бағдарламаға кеңінен таралған және барша халық ұйып тыңдайтын «Ормандар, ризамын сендерге», «Шулы балда», «Бұтақтар көлеңкесі не деп сыр шертеді, айтшы», «Алғашқы жүздесу», «Тез ұмыт болғаны-ай», «Тереземді аштым», «Ол кезде ерте көктем еді» суреттеме-романстар сияқты шығармалар, сонымен қатар, «Қарғаның мәткесі» және «Евгений Онегин» операларынан дуэттер енді.
П.И.Чайковскийдің камералық вокалдық шығармашылығын зерттейтін музыкатанушылар, композитор үшін бұл оның опералық немесе симфониялық тұрғыдағы ірі туындыларында көрініс тапқан сарындар легінің өзіндік лирикалық күнделігі екенін айтты. Жан-дүниенің қатты күйзелісі мен қанағаттанбаған сезім, бақытқа деген құштарлық пен орындалмаған арман, өкініші оның вокалдық лирикасында эмоциялық тұрғыдан басымдық танытып, сана сезім дамуы қарқынды өрбіген дәуірде көптеген жанның басынан өткенін жеткізді.
– Петр Чайковский көптеген орындаушылардың сүйікті композиторы, солардың ішінде мен де бармын. Біздің алдымызда, мәңгілік махаббат тақырыбын бір концерт аясында ашу міндеті тұр. Бұл сезімнің көктемде оянатыны белгілі, сол себепті романстың атауы концерттің атына сай. Кез келген әнші шығарманы орындаған кезде эмоциясын паш етеді. Чайковский махаббатта бақытсыздыққа ұшырағанына қарамастан, мен бұл сезім жайлы естеліктер шығармасын өз нұсқамда жарқын да пәк етіп ұсынуға тырысамын. Композитор бұл сезімді музыкамен айқын жеткізе білген санаулылардың бірі. Сондықтан болар, оның әуендері халыққа жақын. Концерт тыңдарманға зор ләззат сыйлайтынына, олар өзі үшін жаңалық ашатынына сенімдімін, - дейді Елена Ганжа.