М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанып жүрген «Жаужүрек» спектаклі Лондон төрінде жазушы-драматург Д.Исабековтің 75 жылдық мерейтой қарсаңында III Қазақстан өнерінің фестивалінде салтанат құрды.
Елімізде өткен ауқымды, маңызды жобалардың бірі – «Экспо -2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралардың атқарылғандығы баршамызға белгілі. Әртүрлі бағытта өткен театр және кино фестивальдері, әрқандай концерттер мен көрмелер қазақстандықтар мен шетелдік қонақтарға ерекше әсер қалдырса, өз саласының мамандары үшін тәжірибе алмасу мектебі болды. «Экспо-2017» көрмесі негізінде өткен мәдени және спорттық шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қажырлы еңбегінің жемісі. Халықаралық көрменің Ұлыбритания павильонында өткен ағылшын тіліндегі шығармалардың тұсаукесерінде жазушы-драматург Дулат Исабековтің шығармаларын алыс-жақын шетелден келген меймандар жоғары бағалаған болатын. Осы тұсаукесерде құттықтау сөзін сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлыбритания мен Қазақ елінің мәдениет пен әдебиет саласындағы байланыстың артқанын айтып, жазушыға ақ тілегін арнаған болатын. Екі ел арасындағы достастық кездесуі, бүгінде Ұлыбританияда өз жалғасын тауып, қазақ қаламгерінің абыройын шетелде асқақтатып отыр. Бұл бір ғана жазушының емес, қолына қалам ұстаған күллі қазақтың абыройы. Мұның барлығы Елбасы айтқан «рухани жаңғырудың» алпауыт мемлекеттердегі әсем көрінісі.
Англия парламентінің жоғарғы Лордтар палатасындағы Дулат Исабековпен кездесу өте әсерлі болды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің осы келелі іс-шараны мойнына алып, қазақ театр өнерінің әлем сахнасында салтанат құруына атсалысуы – ұлт руханиятының әлемдік кеңістікте еркін көсілуіне өз септігін тигізді.