- Негізгі бет
- Театр
- «Қызыл Жизель» -...
«Қызыл Жизель» - балет жайлы балет
Ресейдің әйгілі балетмейстері Борис Эйфман қойған «Қызыл Жизель» балеті орыс балеринасы Ольга Спесивцеваның қайғылы өмірін бейнелейді.
Ольга Спесивцева
Танымал орыс балеринасы Ольга Спесивцева жиырмасыншы ғасырдың басында Ресей Империясына «қызылдардың» келуіне орай балет өнері қажетсіз болып, шетел асуына бел буады. Ресейде сүйіктісін тастап, Мариин театры сияқты үлкен театрларда прима балерина болып, биіктен көріне білсе де, туған жеріне, сүйіктісіне деген сағыныш, кейін өміріндегі келеңсіз жағдайлар оның психикасының ауытқуына әкеп соғады.
Бір кездері есімі елге танымал болған балерина қалған өмірін жалғыздықта, алғашында психикалық ауруханада, кейін қарттар үйінде өткізген екен. Халық актрисасы ең соңғы рет өнерін “Жизель” қойылымында көрсеткен. Өз елінде құрметтелмей, соңғы күндерін осылай өткізуге мәжбүр болғанына қынжылған балетмейстер Борис Эйфман оның құрметіне осы керемет туындыны дүниеге әкелген.
Спесивцеваның мысалында большевиктердің келуімен интеллигенцияның қайғысын жете сезінуге болады. Режиссер адамның қайғысын, психологиясын суреттейтін көріністерді небір контрастардан беріп, жақсы ойластырған. Әсіресе ішкі жан қиналысын жеткізетін хореографиялық тапқырлық – бәрі де балеттің жоғары деңгейде қойылғанын айқындайды.
"Қызыл Жизель" – мәнерлі, әдемі хореографиямен әрленген жаңаша стильді балет. Абай атындағы Опера және Балет театрында 2010 жылдың қазан айында премьерасы болып, осы күнге дейін үлкен аншлагпен өтеді. Басты рөлдерде Айнұр Әбілғазина, Дәурен Жеңіс, Нұрлан Байбосынов, Фархад Буриев, Руслан Қадыров сынды әртістер ойнайды.
Суреттер: tengrinews.kz, nur.kz, yvi.kz, liveinternet.ru
A. Mustafina