Немістің романтик-жазушысы Эрнст-Теодор Амадей Гофманның рождестволық ертегісінің желісімен қойылған П.И.Чайковскийдің «Жаңғақ шаққыш» балеті «Астана Опера» театрында зор сұранысқа ие.
Спектакль аты аңызға айналған хореограф Юрий Григоровичтің қойылымында орындалатынын естеріңізге салайық, 2017 жылы 2 қаңтарда ол 90 жасқа толады. Хореограф әлі күнге дейін жоғары сұранысқа ие, ол күні бүгінге дейін спектакль қойып жүр. «Астана Опера» балеттік труппасы мэтрмен бірге жұмыс істеген кезді тебіреніспен еске алады.
Жаңа жыл – таңғажайыпқа толы мереке. Сондықтан театрдың фойесінде Аяз ата, Ақшақар және басқа да ертегі кейіпкерлері кішкентай көрерменнің көңілін көтереді. Ал содан кейін оларды ғажап балет әлемімен кездесу күтіп тұр.
Балеттің орнына музыкалық спектакльді қалайтындарға, кішкентай балақайдың Жаңа жыл түні ойыншықтармен Ханшайым балына барар жолда түрлі кедергілерге тап болатыны жайлы баяндайтын «Ханшайымда қонақта» атты қызық оқиғаларға толы ертегісі ұсынылады. Режиссер Наталья Кагадийдің қойылымындағы «Астана Опера» балалар студиясының бұл спектаклі Беларусь Республикасында өткен «Куршинале-2015» Халықаралық өнер олимпиадасында І дәрежелі дипломды иеленген. Ол 2017 жылы 5, 6 қаңтарда (12.00) «Астана Опера» театрының Үлкен сахнасында қойылады.