- Негізгі бет
- Театр
- "Кішкентай ханзада" көрерменін...
"Кішкентай ханзада" көрерменін күтеді!
Бүгін Алматы қаласындағы мемлекеттік қуыршақ театры кішкентай көрермендеріне арналған тағы да бір жаңа қойылымның тұсауын кесті. Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармасының желісі бойынша дайындалған қойылымға «№1 сурет» деген атау берілген.
Әлемдік классиканың төрінен орын алған туындымен таныссыз ба? Жоқ па?! Ал мына бір кішкентай бөбектер «Кішкентай ханзаданы» театр сахнасынан іздеп келіп отыр.
Жалпы, қойылымға келген көрерменнің жас ерекшелігі көз қызықтырады. Мұнда былдырлаған сәби де, ақыл тоқтатқан қария да жиналған. Мұның себебін туындының қамтитын тақырыбы мен айтар ойының ауқымдылығымен түсіндіруге болатындай...
Қоюшы-режиссер Наташа Дубс бізге берген сұхбатында:
- Біздің ұсынғалы отырған қойылымымызда бар болғаны бір кейіпкер бар. Бірақ, оны бір адамның төрт бірдей «Мені» алып шығады. 37 жастағы кейіпкер шөл далаға тап болып, өзін толғандыратын сұрақтарға жауап береді. «№1 сурет» деп атаған себебіміз, кейіпкер ең алғаш рет пілдің суретін салады, бірақ, адамдардың ешқайсысы оны дұрыс танымай, қалпақпен шатастырған. «Мен кіммін?», «Не істеп жүрмін?», «Қалай өмір сүру керек?» деген сұрақ балаларды ғана емес, кейбір ересектерді де әлі күнге дейін ойландырады. Сондықтан, көтеріп отырған тақырыбымыз өзекті болады деп ойлаймын. Және кейіпкерден әрбір адам өзін көреді», - деді.
Расымен де, қойылымның көтерген жүгі өте ауыр. Кейіпкердің аузынан естіген философиялық ойларды кішкентай бала түгілі, біз түсініп, байыбына бара алмай жаттық... Адал дос жетіспейтін қарапайым адамның шөл даладағы қызықты оқиғалары ойды тұңғиыққа жетелейді. Ол кез келген нәрсені жүрекпен іздеу керек екенін және өзі үйреткен нәрсеге жауапты екендігін түсінгенше шарқ ұрады. Басты қаһарман саннан басқа еш нәрсені ойламайтын ересектер секілді болудан қорқады. «Ересектердің жұмысында мән бар ма?» деп сұраумен болады. «Менің қолым бос емес! Уақытым жоқ!» дейтін ата-ананы сынға алады. Оның ойынша, балалар ғана өзіне не керек екенін біледі, олар бар уақытын шүберек қуыршаққа арнайды, тәтті жегісі келеді. Ал адамдар... Адамдар өздері үйреткен нәрсені ғана жақсы білуге болатынын білмейді, олар барлығын дайын күйінде дүкеннен сатып алып үйреніп кетті. Дос сататын дүкен жоқ, сондықтан достары да жоқ. Егер оларға біреу дос таптым десе, «Оның жасы қаншада?», «Оның әкесі кім болып істейді, жақсы ақша таба ма?» деген сұрақты қояды.
Өткен ғасырдың куәгері болған автордың ойлары біздің ғасырдың оқиғаларымен астасып жатыр. Қойылым адамның әрбір сөзіне, әрбір ісіне жауап беру керек екендігін еске салады. Кей адамдар мұны кеш түсініп жатады, ал біреулер түсінбей дүниеден өтеді. Бүгін театрға келген бөбектер осы бастан бұл ұғыммен таныс болса, көкейіне ұялатса, болашаққа үмітпен қарар едік.
«Барлық ересек бір кездері бала болған, бірақ сол бір шақты есінде сақтайтындар аз...» деген сөздермен басталған қойылым мәресіне жеткенде де осыны қайталады. Түсінген адамға мұнда да сыр жатыр...
«№1 сурет» қойылымында Момынжанов Болат, Құлназаров Шоқан, Тәуекелов Алтай және Камалов Мақсат атты актерлер өнер көрсетті. Айтпақшы, қойылымға арнайы жазылған әуендер үшін композиторға ерекше алғыс айтқымыз келеді.
P.S: Алматыда үш бірдей танымал қазақ театры бар. Біріншісі – қуыршақ театры, екіншісі – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, үшіншісі – М. Әуезов атындағы қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театры. Алғашқысы 13-ке дейінгі, кейінгісі 33-ке дейінгі, соңғысы 33-тен кейінгі көрермендерді тәрбиелейді, рухани азықтандырады десек, қуыршақ театрының мәртебесі бәрінен де жоғары болып тұр. Алайда, бұл театрдың бүгінгі өлі халі көңілге қаяу салады. Талантты мамандар қызмет жасауда, су жаңа ғимарат қолдануға берілді. Бірақ табалдырық аттайтын көрермен жоқ. Балаларымыз, іні-қарындастарымызды театрға әкелмейміз, сөйте тұра, 10-20 жылдан кейін үлкен театрлардың мәселесін айтып, дау көтереміз. Бала күнінде өнерді қызықтамаған, құмартпағанның есейгенде қойылым іздеуі екіталай емес пе?!..
Автор және сурет: Айгерім Сматуллаева