Қазақтың М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры тағы бір жаңа спектакльмен толықты. 26 қараша айында сахнаға жол тартқан қойылымның премьералық көрсетілімі әлі де жүріп жатыр. Әуезов театрының кіші сахнасына туралап дайындалған қойылымның 13 желтоқсандағы көрсетілімінің көрермені болған едік.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясының қоюшы-режисері – Елік Нұрсұлтан.
Қойылымның кіші сахнада қойылса да, көтерген жүгі үлкен дүние екендігіне көз жеткіздік. Режисердің айтқысы келгенін ұға алдық. Қойылым басталмай жатып-ақ көрермендерді спектакльдің атмосферасына алдын ала үйрету мақсатында актерлер залдың ортасында жынды кейпінде жүріп алды. Шымылдық ашылмай-ақ, спектакль басталмай жатып-ақ олар сахна төрінде өз образдарымен әлек болып отырды. Режисердің мұнысы – көрерменін алдағы ауыр қойылымға дайындығы деп түсіндік. Онысы ерсі көрінбеді де. Аппақ киім киген жындыханадағы ауру адамдардың халі сол кезден-ақ денемізді түршіктіре бастады. Есесіне өзімізді осындай ауыр тағдырлы адамдардың өмірі жайлы бір салмақты дүниені көруге дайындап отырдық.
Спектакль сахнадағы "жындылардың" ойынымен басталды. Әрқайсысының осы жолға түсудегі өз өмірі бары белгілі. Бірі ақын болып, өлең оқиды. Бірі шыр айналып билесе, енді бірі ән айтады. Олар осы композициялары арқылы жындыханадағы тағдырларды және олардың хал-жағдайын көрсеткісі келген шығар. Көп уақыт өтпей сахнаға психиатр дәрігер шықты. Бұл рөл де Азаматтың бағына бұйырыпты. Әуезов театрының сахнасындағы басты рөлдерден Азамат Сатыбалдыны көріп үйренген біз оны бұл жолы да жылы қабылдадық. Рөлді аларын алып ап, рөлі бір жақта, өзі бір жақта лағып жүрсе, бұлай етпес ек. Ол сахнаға шығысымен-ақ оған осы рөлді біз де сеніп тапсырдық. Азаматтың тағы бір қойылымды сәтті алып шығарына сендік. Ол өзіне берілген тапсырманы жүктелгенінен де жоғары деңгейде орындады. Сөйтті де, өзінің нағыз актер болып қалыптасып қалғандығын дәлелдеп берді. Азаматқа ғашық болып ойнаған Жазира рөліндегі Зарина да Азаматқа «адал партнер» бола алды. Екеуінің жарасымдылығы былай тұрсын, актерлік шеберлігі де бір-бірінен қалысар емес.
Қойылымда бой көрсеткен актерлердің бірін де бұл жолы нашарлардың тізіміне қоса алмаймыз. Өйткені бәрі де берілген тапсырмасын ойдағыдан да жоғары деңгейде алып шыққан. Байдың қатыны – Тамара ханымды сомдаған Шынар да, Жазираның әкесін сомдаған Асылбек те көңілден шықты.
Спектакльді биікке шығаруда режисердің рөлі зор. Қойылымды көріп отырып әр жерінде режисердің шеберлігіне таңдай қағып отырдық. Қонақтар дастарханда отырғанда үстел үстінде дым болмады. Бірақ олар тамақтанып отырған түр жасады. Жоқ, сіз ойлағандай емес. Сіз «үйшік» ойынындағы өтірік «ням-ням» деп жеп отырған түр көрсету емес. Режисер актерлерге арақты «алып қоюдың» ерекше қимылын салып беріпті. Оны тек сахнадан көру керек шығар. Осы арқылы режисер ұтып тұр. Уақыт өткенін және адамдардың сабылысқан өмірін режисер актерлердің ары-бері сағатқа қарап шапқылауымен беріпті. Бұл да шеберліктің шыңы деп түйдік.
Қойылым залда отырған кез келген көрерменге әсер етті деп кесіп айтуға болатын шығар. Көңілі соқыр адамның өзі сахнадағы актерлер көрсеткен қылықты көре алады. Жүрегі керең адамның өзі дүниеқоңыз мына жиіркенішті байлардың ақша деп бақырған даусын ести алады.
Қойылымды көрген көкірегі ояу адам бай болудан, шенді болудан жиіркеніп шыққан шығар. Байлық кез келген пендені санасыз, сапасыз етеріне көз жеткіздік. Сахнадағы байлардан жиіркеніп шықтық. Шын өмірдегі махаббаттан жұрдай қалталыларда не қайыр бар екен деп ойладық. Өз құлқын ғана ойлайтын, өзгені құл санайтын бай-патшалардың саны аз, махаббатпен ғана өмір сүретін адамдардың тобырын аңсадық.
Спектакль бітті. Актерлер сахнадан түсіп өз тірлігінің қамымен кетті. Көрермендер де... Тек көңілде қас-қағымда жан-дүниемізді тырмалап тастаған «Қас-қағым» ғана қалды.
Автор: Ақерке Әбілхан
Суреттер М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының мұрағатынан алынды