- Негізгі бет
- Театр
- Көрерменді немен еліктіруге...
Көрерменді немен еліктіруге болады?
Елорда қонақтары мен тұрғындары ІІІ Халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің аясында опера және балет өнеріндегі әртістердің шығармашылығын бағалап үлгерді. 12 қазанда көрерменге ұсынылатын бағдарламада «Астана Опера» Симфониялық оркестрі басты назарда болады. Дирижері – айтулы маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев. Фортепиано партиясын фестиваль қонағы – болашағынан зор үміт күтетін пианиношы Миюджи Канеко (Жапония-Венгрия) орындайды.
– Біз Ф.Листтің №2 фортепианолық концертін ұсынамыз. Мен жартылай венгриялық болғандықтан, Ф.Листтің музыкасы мен үшін қашанда ерекше, әсіресе осы концерті менің сүйікті шығармаларымның бірі. Басқа композиторлардың концерттік шығармаларымен салыстырғанда, Листтің концерттері айтарлықтай қысқа. Бұл опус бір бөлімде жазылған және оның ұзақтығы небәрі 20 минут, алайда бұл музыкалық жағынан да, техникалық тұрғыдан да айтары мол шығарма тыңдарманды қуанышқа бөлейді деп сенемін,– дейді Миюджи Канеко.
Миюджи музыкамен қалай танысқанын былайша әңгімелейді:
– Менің нағашы әжем венгрлік, ол музыкалық білім беру және халық музыкасын зерттеу саласында жұмыс істеді. Бала күнімде біраз уақытым әжеммен өтетін. Біз бірге ән айтып, пианинода ойнайтынбыз, бірақ бұл тек әуестік елі. Бартоктың фортепианолық музыкаларының күйтабағын тыңдағанды ұнататынмын. 5-6 жасымда пианиношы боламын деп шешкенім есімде. Содан бері шешімім өзгерген емес.
Ф.Листтің №2 фортепианолық концертімен қатар концерттің қызықты бағдарламасына Р.Вагнердің «Ұшқыш голландец» операсы мен М.Мусоргскийдің «Көрмедегі суреттер» операларынан увертюра енгізілді, соңғысы елордалық театр сахнасында алғаш рет орындалмақшы.
– М.П.Мусоргскийдің «Көрмедегі суреттер» шығармасы – менің сүйікті, әрі жиі орындайтын шығармаларымның бірі. 2003 жылы Санкт-Петербор филармониялық оркестрімен Токиода болған гастрольдік сапарымда бұл шығармаға алғаш рет дирижерлік еттім. Содан бері бұл туындыны жан-тәніммен ұнатамын және жиі орындауға тырысамын. Биылғы жылдыңөзінде үш түрлі ұжыммен орындағалы тұрмын. Ақпан айында бұл шығарманы Лондонда Корольдік филармониялық оркестрмен орындадық, 12 қазанда «Астана Опера» театрында, ал, бір айдан кейін АҚШ-та Сиэттлдың симфониялық оркестрімен ұсынбақшымыз. 2014 жылы Мәскеудегі Евгений Светланов атындағы оркестрмен менің орындауымдағы «Суреттерді» интернет желісінен көруге болатындығын айтып өтейін, – дейді маэстро Алан Бөрібаев.
Шығарманың танымалдығы соншалықты, оның түрлі ансамбльдерге ыңғайландырылған нұсқалары да көп. Алан Асқарұлы француз композиторы Морис Равельдің үлкен симфониялық оркестрі үшін «Суреттерді» жарқын оркестрге лайықтап орындаған дұрыс деп санайды.
– Бұл тамаша өңделген шығарма оркестрдің көркемдігін, асқан шеберлігін және қанық мүмкіндігін көрсетеді. Елордалық көрерменді бұл «Суреттермен» алғаш рет біздің тамаша «Астана Опера» оркестрінің орындауында таныстыратынымызға өте қуаныштымын, – дейді Алан Бөрібаев.
«Астана Опера» симфониялық оркестрі 2013 жылы құрылғанын еске саламыз. 2015 жылдың наурыз айынан бастап оркестрдің бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елордалық көрерменнің жүрегіне жол таба білген Алан Бөрібаев. Ұжымның құрамында 110 музыкант бар; әртістер жыл сайын тыңдау байқауынан өтеді.
– Біздің оркестріміз күн санап, кәсіби деңгейде өсіп келеді, көрермен де әлем классиктерінің шығармаларымен танысуда. Концертте орындалатын осындай шығарманың тағы бірі – Р.Вагнердің «Ұшқыш голландец» операсынан увертюра. Мен Вагнердің әсіресе осы операсын қатты ұнатамын, 2006 жылы Алманияда көрнекті неміс опера режиссері Готфрид Пильцпен бірлесіп, оны толық орындадым. Бір кезде, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында композитор Вагнер Солтүстік теңіз арқылы жүзіп, кеме үлкен дауылға тап болып, композитор аман қалады. Ол ежелгі Елес-кеме жайлы аңыздан хабардареді. Теңіз дауылының үрейін басынан өткерген Вагнер қорқыныш сезімін осы операдағы музыка арқылы жеткізеді. Увертюраны тыңдай отырып, қаһарлы теңіз апатының бар күшін сезінуге болады, – деп түсіндірді А.Бөрібаев.
Г. Берік