ІV концерт маусымы «Астана Опера» театрының Камералық залында ашылады. Кеш белгілі қазақстандық музыкант Эльдар Сапараевтың жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрінің қатысуымен өтеді. Жеке орындауда – халықаралық байқаулардың жеңімпазы, пианиношы Әлібек Әлпиев.
Көрермен назарына, В.А.Моцарттың К.19,№4 Ре мажор симфониясы, И.С.Бахтың BWV 1052 Пернелі ре минор концерті және Ф.Шуберттің D.485,№5 Си-бемоль мажор симфониясы ұсынылатын болады. Камералық зал жетекшісі Маржан Жәкенованың айтуынша, бұл концерт тосын сыйлар мен қызықты бағдарламаларға толы жаңа маусымның бастамасы болмақ.
- Алдағы концерт маусымында «Астана Операның» жұлдыздары: операның жетекші солистері, талантты аспапшылар, сонымен қатар, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, әйгілі «Мәскеу шеберлері» камералық оркестрінің бірінші скрипкасы Алексей Лундин; аустриялық пианиношы Штефан Матиас Ладеман; башқұрлық виолончельші Рүстем Хабибуллин тағы басқаларыөз шығармашылығын көрермендеріне арнайтын болады. Біздің жас көрермендерімізді де әр жексенбі сайын өтетін тұсаукесерлер мен тартымды концерттер күтіп тұр. Және бұрынғыша музыкалық абонементтер қолданылатын болады, – дейді Маржан Жәкенова.
Ашылу салтанатына келсек, елордалық көрермен әр кезеңнің, атап айтсақ: барокко, классицизм және романтизм дәуірлеріндегі ұлы композиторлардың музыкалық шығармаларынан сусындайтын болады. Дирижер – Эльдар Сапараев.
Эльдар Сапараев қазақстандық көрермен үшін шебер виолончельші ретінде жақсы таныс, ал дирижер ретінде сахнаға алғаш рет шығады. Э.Сапараев Швейцарияда тұратындығын және сонда жұмыс істейтіндігін естеріңізге саламыз. Ол Цирюхтегі жоғары музыка мектебін бітірді. Швейцария, Хорватия, Италия және Германияда өткен халықаралық байқаулардың жүлдегері.
Ол Тонхале (Цирюх), Лисинг залы (Загреб), Теatro La Felice (Венеция), Берлин филармониясы, Уолт Дисней-холл (Лос-Анджелес) тағы басқа әйгілі концерт залдарында өнер көрсетті. Дәл қазіргі уақытта Германиядағы Оңтүстік-батыс филармониялық оркестрінің концертмейстері, сонымен қатар, аты аңызға айналған Philharmonische Cellisten Koln виолончель секстетінің құрамында. Шақырылған концертмейстер әрі солист ретінде Берлин және Цюрих камералық оркестрлерімен, Мюнхен операсының оркестрі, Мюнхен радиосы, Штутгарттағы Бах атындағы академия және тағы басқаларымен бірлесіп өнер көрсетті.