Елімізде өтетін Халықаралық «Экспо –2017» көрмесінің аясында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 21 маусым күні «Көмбе нанның дәмі» драмасын сахналайды.
Тарихи жағдайлардың салдарынан Қазақстанға жер аударылған түрлі ұлт өкілінің тағдыры суреттелетін драматург Мәдина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» драмасы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында «Театр көктемі – 2017» фестивалінің аясында тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартқан болатын. Бұған дейін жазушының «Ақтастағы Ахико» драмасы Асхат Маемировтың режиссерлік шешімімен аталмыш театрда сахналанған. Екінші шығармашылық жұмысында да тарихи тақырыпқа жүгінген драматургтың бұл шығармасы, өзіндік көркем шешімдер мен кейіпкерлер характерін ашудағы ізденістерімен ерекшеленді. Қойылымға режиссура талаптарына сай көрік қосқан Алма Кәкішева, ал тың сценографиялық шешім көрсеткен суретші Есенгелді Тұяқов болды. Алма Кәкішева кәсіби сахна өнеріне актриса ретінде аяқ басып, 2003 жылдан бері режиссерлік қызмет атқарып жүр. Тырнақалды жұмысы – «Көшкін» спектаклі (авт.Т.Жүженоғлы, ауд. О.Қыйқымов). Ол бас театрда «Жүз жылдық махаббат» (авт.Д.Исабеков), «Таңсұлу» (авт.Ғ.Есім), «Апалы-сіңлілі үшеу» (авт.А.Чехов, ауд.Ә.Бөпежанова), «Империядағы кеш» (авт.С.Асылбекұлы), «Алмас қылыш» (авт.І.Есенберлин, инсц.Ә.Бағдат) сынды туындыларды сахналады.
Кезекті жұмысы «Көмбе нанның дәмінде» сұрапыл соғыс жылдары Қазақстанға қоныс аударылған ұлт пен ұлыстардың күнделікті өмірі мен қазақ халқының қонақжайлылығы суреттеліп, олар бастан кешірген қиындықтар арқылы оқиға жалғасын тауып, ары қарай өрбиді. Кеңес өкіметінің солақай саясаты тұсында жер аударылған халықты сыртқа теппей, бауырмалдылық пен адамгершілік, мейірімділік пен қамқорлық танытқан қазақ халқының игі істері әспеттелетін қойылым көркемдік тұтастықта шешілген. Пьесада да, қойылымда да басты қаһарман – халық. Бір ғана ауылда болып жатқан жағдай бүкіл республиканы қамтып, ойын балаларының мінез-құлқына да әсер еткен.
Сценографиялық шешім мен актерлар кескіндеген шебер бейнелер, музыкалық көркемдеу мен кәсіби режиссура үйлесім тапқан қойылымның көтерген тақырыбы қашан да өзекті, қашан да өткір.
Гүлзия Сәдуақас