Былтыр М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахналаған "Ұлы мен Ұры" – ой мен сананың, қоғам мен уақыттың қойылымы. Осыншама ауыр жүкті арқалаған қойылымның аты алыстан-ақ шақырады. Шақырды, біз де іздеп бардық.
Аталған қойылым оқиғасы дәурені озып, дәулеті тозған ғалымның үйіне бетін бүркеген ұрының түсуінен басталады. Мұны байқап қалған қарт ұрыны сөзге тартып, керегін алуына рұқсат береді де, жалғыздықтың мұңын шағып, өзімен бірге қалуын өтінеді. Таныстық та осы жерден басталды.
– Балам, өзің кім боласың?
– Ұры.
– Ал сіз?
– Ұлы.
Ұры – типтік әрі биік дәрежедегі ұрлықшыларға параллель образ. Ұлы ұрыны түсінеді. Себебі, ұлы болу жолында олар да ұрлық жасайды. Ұрлықтың дүние-мүлік тонаудан ғана тұрмайтындығын, біреудің пікірін, ойын, ырзық-несібесін иемденудің де қылмыс екенін айтып көңілі босайды. Иә, қойылымға арқау болатын тақырып – ұрылар немесе олардың осы жолға түсуіне себеп болған жәйттер ғана емес, жалпы бүгінгі заманның өзекті мәселелері: әлеуметтік әділетсіздіктер мен келеңсіздіктер, саясаттың сарсаңы, рухани өмірдің қайшылықтары – жемқорлық пен парақорлық, алаяқтық, жағымпаздық, билікқұмарлық, екіжүзділік те қозғалады.
Төлен Әбдіктің "Ардагер" пьесасы бойынша қойылған спектакльдің режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұхан Обаев.
Оқиғаға "Заман және адам" бағдарламасының тележурналистерінің кірістірілуі де – режиссердің тапқырлығы. Сұхбат барысында сонау Кеңес Өкіметінен басталған саясаттың қазірге дейінгі күйі жан-жақты ашыла түседі. Жоғарыда отырған "аналардан" қорқып, ақиқатты айтуға жүрексінетіндер мен өзіндік пікірі жоқ адамдарды да осы қойылымнан көріп қаласыз. Ал әкесі мен көкесі барлар мен қалтасы қалыңдардың заманы шарықтағада тасада қалып қойған таланттылардың күйі сізді қалай қызықтырмайды? Бірінші бөлімде осының бәрі де егде жасқа келген академиктің аузымен айтылады.
Ал екінші бөлім әке мен баланың, алдыңғы ұрпақ пен кейінгі ұрпақтың, екі қоғамның айтыс-тартысына жалғасады. Алдыңғы буынның кейінгі буынға көңілі толмауы, кейінгінің бар кінәні алдыңғыға артып қоюы – жазылмаған заңдылық.
Әке жігіт ағасы жасынан кетіп бара жатқан ұлының я отбасынан, я қоғамнан орын таба алмағанын айтып зар қақсайды. "Қоғам қажетсіз, отбасын керек етпейтін сендер қандай ұрпақсыңдар?! Түрлеріңе қарауды білмейсіңдер – бір сөзің орысша, бір сөзің қазақша... Оқыдың, тоқыдың, жасап жүргенің мынау, сенің атаң, менің әкем сауатсыз болса да, біздерді заманға лайықты етіп тәрбиеледі, ал сен балаңның қайда жүргенін білмейсің?". Бұл наз – жаңа ғасырдағы барлық әкенің айтары.
Ал бала ше? Бастарының іші толған қойыртпақ әкелердің рухани үлгі бола алмағандығы үшін ыза. Ол шаш ал десе, бас алу арқылы мансап пен абыройға жеткен әкенің тәрбиесінен адасқан. "Сендер өздеріңнің мағынасыз позицияларыңмен өздеріңді де, өзгені де шатастырдыңдар! Жақсы дегендеріңнің бәрі жаман, керісінше, жаман дегендерің жақсы болып шыға келді. Өтіріктеріңнің тұңғиығына батырдыңдар. Біртіндеп тұншықтырдыңдар, ақыры соңында өлтірдіңдер. Біз де сендер секілді қорқақпыз, өзімізге сенбейміз. Қоғамды керемет етіп көрсеттіңдер, өздерің тіптен тамаша едіңдер. Өмір сүру үшін күресте ылғи жеңілеміз. Осылай кете берсек, тағы да бір адасқан буын пайда болады. Ал мен оны қаламаймын. Баламның шынайы өмірді көргенін, білгенін құптаймын. Ол ертегі өмірге үміттеніп өспейді. Шала қазақ дейсің бе? Мені орысша мектепке берген кім?" деген жауабын ортаға тастайды. Бұл да – шындық.
Қарттың ғалым баласы мұрағаттан құпия құжаттар тауып алады. Онда әкесі бірнеше кітаптар арнаған досын өлтіру туралы бұйрықты тапқан екен. Қол қойғандардың ішінде осы күнге дейін үлгі алып келген туған әкесі бар. Осыны көргенде бала өзінен жиіркеніп, тірі өлікке айналғанын айтып жылайды, қорқақтығын, әділетсіздігін бетіне басады.
Өз басым осы сәтте сахнада Мұхтар Әуезов пен ұлы Мұратты көргендей болдым. Шешесі туралы шындық айтылғанда, жедел жәрдемге айтылған мекен-жайда "Төлебаев көшесі" аталғанда күмәнім одан әрмен сейіле түсті. Әрине, бұл бір ғана жанұяда емес, сол заманның дәмін татқан әрбір әке мен баланың арасында болатын жағдай екендігі тағы бар.
Баланың назына әкенің де айтар жауабы дайын. Айтыс-тартыста кім жеңіске жетті? Кімдікі дұрыс? Қойылым неге "Ұлы мен ұры" аталады? Білгіңіз келсе, "Ұлы мен Ұрыны" арнайы іздеп барыңыз дегіміз келеді.
Қойылымды белесті биігіне жеткізіп, өз іс-әрекетіне сене отырып, сахнада өрбіген оқиғаға көрермендерін де сендіре білген ұжымдық топқа айтар алғысымыз мол.
Рас, әрекеттен сөзі, баяндауы көп қойылым. Мұны әрбір құбылысты, қойылым кейіпкерінің көңіл-күйін бағып отыратын талғампаз, сабырлы көрермен қиындықсыз қабылдай алатындығына сенеміз.
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: М. Әуезов театрының баспасөз қызметі