- Негізгі бет
- Театр
- Кемеңгерліктің ақысы ...
Кемеңгерліктің ақысы
Атақты хореограф Борис Эйфманның танымал қойылымы – «Роден» II Халықаралық «Жібек Жолы» фестивалінің аясында ұсынылып, классикалық мерекеге көрік беретін алғашқы балет болмақшы. Хореографиялық туынды «Астана Опера» театрының сахнасында 30 қыркүйекте көрсетіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Психологиялық «Роден» балеті француздың аса көрнекті мүсіншісі Огюст Роден мен оның жас шәкірті Камилла Клодельдің қайғылы тағдырына арналған. Бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен құштарлығы тасыған қос шығармашылық адамының бойында қызғаныш пен іштарлық қатар жүреді. Клодель десе есі кеткен Роденнің енжарлығы азаматтық некедегі әйелі Роза Берені күйзелтеді, алайда ол қарап отырмақ емес, сүйіктісі үшін күреседі. Классикалық махаббат үшбұрышында бір де бір кейіпкер бақытқа бөлене алмайды. Сүйіктісінен айырылған Камилла Клодель шығармашылық табыстың шарықтау шыңына жете бергенде психиатриялық ауруханадан бірақ шығып, сол жерде елеусіз қалған күйі 26 жылдан соң көз жұмады. Роден болса, музасын сағынып, ар-ұяты қысып азап шегеді. Мәңгі өшпес жауһарларды дүниеге әкелген шебер, сол еңбегі үшін баға жетпес ақы төлеп, жан тыныштығынан, денсаулығы мен бақытынан айырылады. Кейіпкерлер тағдыры қайғылы болатынына қарамастан, балет ұлы суретшілердің шығармашылығы барысында бөленетін қуанышты, шабыттанатын сәттеріне толы.
Жаңашыл мүсінші өзінің еңбектерінде адамның мықты сезімдерін – махаббатты, қасіретті, торығуды кейіпкерлерінің қимылы арқылы айқын бейнелеп, сонысымен де драмалық балеттің басты тұлғасы ретінде қоюшы хореографты қызықтырған. «Астана Операда» Роденнің партиясын адамды үйіріп әкететін Жәнібек Иманқұлов сомдайды. Жарқыраған ұмытылмас Камилла Клодельдің рөлін албырт та, сезімтал Гауһар Усина (ҚР Еңбек сіңірген қайраткері) орындайды, шебер онымен қарым-қатынас құрған кезінде мүсіндерінің басым бөлігін дүниеге әкелген еді. Нәзік те, еліктіріп әкетер Әнел Рүстемова адал да, сенімді Розаның бейнесін сомдайды.
Спектакль 19:00 басталады. Билет бағасы 500 теңгеден жоғары.
Қ. Бүйенбай