Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры – тұңғыш ұлттық мәдени-сахналық мекеме. 1925 жылдың соңында сол кездегі астана Қызылордада ұйымдастырылды. Театр шымылдығы ресми түрде 1926 жылы 10 қаңтарда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина» қойылымымен ашылып, 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы қойылды.
С.Сәдуақасов алғашқы ұлт театры туралы ұсыныс жасап, даму жолы, шығармашылық келбетін дұрыс айқындай білді. Театрдың алғашқы директоры әрі көркемдік жетекшісі Д.Әділов болды. 1926 жылы 5 қазанда театр басшысы болып Ж. Шанин сайланды.
1929 жылы театр труппасы жаңа астана Алматы қаласына қоныс аударды. Бұл кезде театрда танымал шеберлер Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Қ.Бадыров, Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков, Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Қ.Мұңайтпасов, З.Атабаева, Ш.Байзақова, М.Шамова, т.б. қызмет атқарды. 1930 жылдардың 1-жартысында театрға К.Байсейітова, Қ.Байсейітов, Қ.Бейісов, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ш.Жиенқұлова, К.Қармысов, Қ.Әділшінов, Ш.Айманов, С.Майқанова, С.Телғараев, А.Абдуллина, О.Жұмағұлов, Ж.Өгізбаев, Р.Қойшыбаева, Ә.Хасенов, А.Жолымбетов, Х.Елебекова, Р.Сәлменов, Г.Сыздықова, т.б. келіп, театр сахнасында күрделі драмалық шығармалар қойыла бастады. Осы кезеңде М.Г.Насонов, И.Г.Боров, М.В.Соколовский және 1950-1960жж. И.М.Гольдблат, А.Л.Мадиевский сияқты орыс режиссерлері театрға қызметке шақырылды.
1934 жылы театрдан музыкалық театр бөлініп шықты. Кейін Қазақ академиялық опера-балет театры және «Қазақконцерт» болып екі өнер ордасының негізі қаланды.
1937 жылы театр академиялық атағы берілді. Театр репертуарына М.Әуезов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқановтардың тарихи шығармалары, орыс және шетел классикасымен толықты.
1940 жылдан бастап ұлттық режиссураның келесі толқыны пайда болды. Театр сахнасында А.Тоқпанов «Абай», «Еңлік-Кебек» (М.Әуезов), Ә.Ысмайылов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (Ғ.Мүсірепов), Н.Бейсеков «Евгения Гранде» (Бальзак), Ш.Айманов «Амангелді» (Ш.Хұсайынов), «Таланттар мен табынушылар» (А.Островский), «Абайды» (М.Әуезов, екінші қойылым, 1949ж.) қойылымдары көрсетілді.
1952 жылы «Абай» спектаклі үшін режиссер Ш.Айманов, суретші В.В.Голубович және театр әртістері Қ.Қуанышбаев, Қ.Бадыров, Х.Бөкеева, С.Қожамқұлов, Р.Қойшыбаева, Е.Өмірзақов КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Театр труппасына Алматы, Мәскеу, Ленинград және Ташкенттің арнаулы оқу орындарын бітірген Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Т.Жайлыбеков, т.с.с кәсіби актерлер қызметке келді.
1946 жылы 20 жылдық мерейтойында театр Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1958 жылы театр ұжымы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеу қаласындағы онкүндігіне қатысып, 5 спектакль көрсетті.
1961 жылы театрға көрнекті жазушы-драматург М.Әуезов есімі берілді. Жазушы пьесалары мен басқа да шығармалары тұрақты түрде театр сахналарында әлі күнге дейін қойылады.
Ұлттық режиссураның келесі ағымы 60-70-жылдары болды. Ә.Мәмбетов және оның ізбасарлары Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев, Р.Сейтметов, Е.Обаев, М.Байсеркенов, А.Пашков, В.Пұсырманов сынды өз ісінің хас шеберлері сахнада жаңа қойылымдарды қойды.
60-90 жылдары Ә.Мәмбетов театрдың көркемдік жетекшісі болған кезде жаңа есімдер танылды, сондай-ақ, сахна төрінде әлемдік шығармалар қойылды. «Мәмбетов дәуірі» деп аталатын бұл жылдары Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпова, Ә.Молдабеков, С.Телғараев, Р.Әуезбаева, Е.Жайсаңбаев, Ғ.Сүлейменов, З.Шәріпова, С.Оразбаев, А.Әшімов, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, Ә.Кенжеев, Ә.Боранбаев, Қ.Тастанбеков, Т.Жаманқұлов, Г.Әспетова, Т.Мейрамов, т.б. дарынды әртістердің өнерлері кеңінен танылды.
1966 жылы Ш.Айтматовтың «Ана-Жер ана» және 1970 жылы А.Каплердің «Ленин 18-жылы» қойылымдары үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын, ал, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы желісімен қойылған спектаклі үшін Ә.Мәмбетов КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды.
1976 жылы театр «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдары театр репертуары жаңа бағытты ұстанды. Сахнада «Абылайхан» (Ә.Кекілбаев, реж.Б.Атабаев), «Абылайханның ақырғы күндері» (автор әрі реж.М.Байсеркенов), «Қилы заман» (М.Әуезов-Н.Оразалин, реж.Ә.Рахимов), «Кебенек киген арулар» (А.Тасымбеков, Қ.Ысқақ, реж.Б.Атабаев), «Махаббат дастаны» (Ғ.Мүсірепов, реж.Қ.Сүгірбеков); «Шолпанның күнәсі» (М.Жұмабаев-Ә.Тарази, реж.Қ.Сүгірбеков), «Турандот ханшайым» (К.Гоцци, реж.Т.әл-Тарази), т.с.с. шығармалар қойылды.
1996 жылы режиссер Ә. Рахимовтың «Ситуациялар» триптихі үшін жазушы-драматург А.Сүлейменов ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Бұл күнде академиялық театр Қазақстанның халық артисі, профессор, көрнекті режиссер Есмұхан Обаевтың басшылығымен еңбек етіп келеді. Көрнекті режиссер Е.Обаев театрдың актерлік мектеп дәстүрлерін сақтай отырып, «Абай» (М.Әуезов) трагедиясы мен «Айман-Шолпан» (М.Әуезов), «Пара» (Н.Гоголь) комедиялары, т.б. драмаларын қойды. Театр репертуары Ә.Рахимов (С.Мұқанов. «Мөлдір махаббат», С.Торайғыров.«Қамар сұлу», т.б.), О.Кенебаев (М.Кәрім.«Ай тұтылған түн», Т.Нұрмағамбетов.«Қожанәсір тірі екен...»,т.б.), Т. әл-Тарази (У.Гаджибеков, ауд.Қ.Мұхамеджанов.«Аршын-Мал алан», Шахимарден. «Томирис», Қ.Ысқақ, Шахимарден. «Қазақтар», т.б.), сондай-ақ Т.Аралбай, А.Кәкішева т.с.с. режиссерлердің қойылымдарымен толықты. Театр труппасында А.Әшімов, С.Оразбаев, З.Шәріпова, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, С.Қожақова, Б.Имашева сынды аға буын өкілдері, Ғ.Байқошқарова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаманқұлов, Ш.Ахметова, Т.Сыдықова, М.Өтекешова, Ш.Меңдиярова, Ғ.Әбдінәбиева, Б.Жанғалиева, Р.Хаджиева, Т.Аралбаев, С.Мерекеұлы, М.Нұрәсіл, Б.Қожа, Г.Жақып, А.Бектемір, Қ.Тілеуова, А.Сейтметов, Д.Темірсұлтанова, Б.Қаптағай, Б.Тұрыс, Ж.Маханов, О.Қыйқымов, Ж.Әміров, М.Омарбекова, Ү.Сейтімбет секілді орта буын және Д.Ақмолда, Е.Біләл, А.Боранбай, Ж.Толғанбай, Д.Жүсіп, Ш.Асқарова, Ш.Жанысбекова, Г.Тұтова, Н. Бексұлтанова, А.Сұрапбай, Н.Қарабалина, З.Көпжасарова, Б.Қажнәбиева сияқты кейінгі буын мен жас актерлер қызмет атқарады.
1995 жылдан бері әр жыл сайын «Театр көктемі» атты фестивалін өткізіледі. Фестиваль күндері жаңа қойылымдар көрсетіледі.
Театр Иран, Франция, Египет, Корея, Түркия елдерінде болып, Түркі елдері театрларының «Туғанлық» (Уфа,Башқұртстан) ІІ халықаралық және Қазақстан мен Орталық Азия театрлары халықаралық фестивальдеріне қатысты.
Форумда талқылау
Суреттер: teatrauezov.kz