Қазақстанның белгілі опера әншісі, "Астана Опера" театрының жетекші солисті Сүндет Байғожин тағы да Италияға жол тартты.
Сәуірдің 12 мен 14 жұлдызында ол Джоаккино Россинидің "Севильдік шаштараз" операсындағы басты партияны (Фигаро) әйгілі Filarmonico (Верона, Италия) театрының сахнасында шырқайды.
Сүндет Байғожин өткен жылдың мамыр айында Arena di Verona қоры өткізген Халықаралық опера әншілерінің X конкурсында жеңіске жеткенін естеріңізге сала кетейік. Бір партияға қол жеткіземін деп үміттенген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, бірден үш партияны орындауға шақыру алды. Солардың алғашқысы 2014 жылдың 11 қарашасында үлкен табыспен өтіп, әнші ол кезде Дж. Пуччинидің "Богема" операсында басты партияны сомдады (Верона, Италия).
Жарты жылға жуық уақыт өткенде, әнші тағы да итальяндық тыңдарман алдында өнер көрсетуге дайын. Ол Фигаро партиясына әбден дайындалды. Оның ойлап тапқыш, тілі өткір, өмір сүйгіш әрі жігерлі келетін кейіпкері адам нанғысыз зерек, жоқ жерден шиеленіс туғызу мен дегеніне жету оған түкке тұрмайды.
Бүгінде Сүндет Байғожин еліміздің мәдени имиджін шет елде лайықты деңгейде танытып жүр.
Джоаккино Россинидің "Севильдік шаштараз" операсы 2 бөлімнен тұрады. Либреттосын Пьер Бомаршенің аттас комедиясы бойынша Чезаре Стербини жазған. Тұсауы 1816 жылдың 20 ақпанында Римде кесілген.
Сурет: classicalmusicnews.ru