Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығының құрметіне «Астана Опера» театры XX ғасырдағы қазақстандық композиторлардың симфониялық музыкасының антологиясын шығарады. Жобаны театрдың шығармашылық ұжымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» бас дирижері Алан Бөрібаев жетекшілік ететін Симфониялық оркестрі жүзеге асырады.
Қазақстанның бай музыкалық мәдениеті керемет шығармалардың асыл қазынасын жинақтады. Симфониялық музыканың антологиясына XX ғасырдағы қазақстандық композиторлардың аса көрнекті туындылары енеді. Дүниежүзілік музыкалық мұраның бөлігі болатын бірегей антологияны үшінші мыңжылдықтың ұрпағына қалдыру жоспарланып отыр. Оған жоғары сапалы CD дискілер, партитуралар, әр туындыға үш тілде берілетін түсініктеме кіреді.
- Бізге үлкен сараптама жұмысын жүргізу қажет болып тұр, мақсатымыз – симфониялық музыка мұрасын жинап, болашақ ұрпақ үшін сақтау. Өкінішке орай, қазір барлық шығармалар бытыраңқы күйде, бөлек-бөлек. Кейбір шығармалар орындалмаған күйі «үстелде жатыр», ал енді бірі, мысалы, винил күйтабағына жазылғандарының сапасы өте нашар. Біз бұл туындыларды орындап, жазып алуды мақсат етіп отырмыз, алайда ноталарды табу (түзету), қажетіне қарай, барлық нота материалдарын қайта басып шығару сияқты алдын алу жұмыстары тағы бар. Сосын барып осылардың негізінде шығармалар әйгілі дирижеріміз Алан Бөрібаев жетекшілік ететін «Астана Опера» симфониялық оркестрімен орындалады, - деп атап өтті музыкатанушы Маржан Жәкенова.
Жоба әділ және барынша айқын болу үшін, театрдың шығармашылық ұжымы сарапшылармен және ғалымдармен тығыз жұмыс істеуі қажет: театрдың музыкатанушылары композиторлар Одағындағы, музыкалық оқу орталықтарындағы, кітапханалардағы, Алматы мен Астана қалаларының мұрағаттарындағы әріптестермен тығыз жұмыс істеп, көрнекті композиторлардың туыстарынан да ақпарат жинауы керек.
Қазір осы жинаққа кіретін композиторлар мен олардың шығармаларының тізімін жасап жатырмыз. Театр басшылығы, XX ғасырдағы қазақстандық композиторлардың симфониялық музыкасының антологиясын ұлттық сана-сезімге, өткен заманға, ұлттық музыка мен мәдениетке деген қызығушылықты тудырған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының құрметіне арнайтынын атап өтті.