- Негізгі бет
- Театр
- «Қазақстан халқының шай...
«Қазақстан халқының шай дәстүрі» атты көрме ашылды
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Қазақстан халқының шай дәстүрі» атты көрме ұйымдастырды.
Елімізде аталып өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясындағы көрме бұған дейін Ұлттық музейде өткен «Chitra by Newby коллекциясынан» атты халықаралық көрменің жалғасы.
«Chitra by Newby» коллекциясы шай тарихымен байланысты жалғыз жеке антиквариаттар топтамасы. Бұл коллекцияны «N. Sethia Foundation» қайырымдылық қорының төрағасы Нирмал Кумар Сетхия жинаған.
«Қазақстан халқының шай дәстүрі» атты көрме шай мәдениетімен, түрлі этностардың тарихымен және дәстүрімен таныстыру арқылы халықтың бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыруды көздеді.
«Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп белгіледі. Бұл – бірліктің, тұрақтылықтың елдіктің жылы деген сөз. Осы жыл аясында талай айтулы шаралар өтті. Оның барлығы халықтың ынтымағы мен ырысын арттыруға бағытталды. Бүгін ұйымдастырылып отырған көрме де осы миссияны жүзеге асыруды мақсат тұтады», – деді көрмеде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.
Басқосу барысында мәдени бірлестіктердің өкілдері қонақтарды шай ішу мәдениетінің қалыптасқан дәстүрлерімен және Қазақстанда тұратын түрлі этностардың әдет-ғұрпымен таныстырды.
Шара шеңберінде «Ұлттық натюрморт» атты көрме ашылып, келушілерге шай тарихына қатысты тың мәліметтер ұсынылды және жеке антиквариаттар топтамасын тамашалау мүмкіндігі берілді.
«Біз бүгін 3 бірдей шара ұйымдастырып отырмыз. Оның біріншісі – «Ұлттық натюрморт» деп аталатын отандық суретшілердің көрмесі. Сонымен қатар келушілердің назарына сонау Лондоннан келген «Chitra by Newby коллекциясынан» деп аталатын шайға қатысты аксесуарларға арналған көрме ұсынылып отыр. Ол көрмеде осыдан 10 ғасыр бұрын жасалған бағалы әшекей бұйымдардан бастап қазіргі заманға дейінгі құнды заттар бар. Үшіншіден, біз бүгін жиналған жұртты елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің шай дастарханына шақырамыз. Мұның барлығы біздің халқымыздың бірлігінің белгісі. Ұлттық музейдің кез-келген залына кірсеңіздер Қазақстан халқының бірлігі мен ата бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ұлтымыздың ақжарқын пейілін аңғара аласыздар», – деді Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.
Көрме 30 қазанға дейін жалғасады.
Ф. Абилова