Отандық балет жұлдызы, "Астана Опера" театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан Сеулдегі XIII Халықаралық би байқауында жеңіске жетіп, таңғалдырды. Әртіс "Классикалық би" санатының ерлер арасындағы ересектер тобында виртуоздық техникасы және жоғары кәсіби орындауымен тек көрермендердің ғана емес, әділ қазылардың да назарын жаулап алып, 1-орынға ие болды.
6 мен 10 тамыз аралығында Корей Ұлттық театрында бүкіл дүние жүзінің мықты балет әртістері жүлделі орындар үшін күресті. 11 жастан 35 жасқа дейінгі бишілер үш санатта сынасты – классикалық, қазіргі заманғы және халық биі. 11 тамыз марапаттау рәсімі өтті, ал 12 және 13 тамызда жеңімпаздар қатысуымен салтанатты Гала-концерттер ұйымдастырылады.
Әділқазылар алқасының құрамында – еліміздің өкілі, "Астана Опера" театры балет труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев. Балетмейстердің айтуынша, бүкіл әлемдік балет элитасын баулыған жобаға қатысу үлкен құрмет және жауапкершілік.
– Бүгінгі күні біздің әртістеріміздің шығармашылық әлеуеті өте жоғары әрі күрделі спектакльдер қойылымдарын жүзеге асыруға, алдыңғы қатарлы әлемдік алаңдарда табысты өнер көрсетуге, айтулы байқауларда жүлделі орындарға ие болуға мүмкіндік береді. Біздің шәкірттердің жетістіктері, олардың кәсіби шеберліктері мен олардың балет өнеріне деген махаббаттары мені терең тебірентті. Халықаралық деңгейдегі мамандардың қазақстандық әртістерге берген жоғары бағалары біздің тамаша Отанымыз үшін мақтанышымызды толықтырады, – деді Тұрсынбек Нұрқалиев.
Естеріңізге сала кетейік, Бақтияр Адамжан жақында Ыстамбұл (Түркия) қаласынан жеңіспен оралды және апталық демалыстан кейін жаңадан күш жинаған ол Сеулдегі байқауға қатысу үшін дайындыққа кірісті. Әртістің бағдарламасына классикалық балеттерден варицациялар енді: Л. Минкустың "Баядеркасы", Б. Асафьевтың "Париж жалыны", Ц.Пунидің "Эсмеральдасы", сонымен қатар ол үшін арнайы белгілі қытайлық хореограф Исян Чжанның қойылымындағы "Ояну сәтінде" (In the wake) атты заманауи туынды жазылды. Бишінің пікірінше, өнеріңнің табысты шығуы үшін, ең бастысы – жақсы көңіл-күй, тамаша физикалық нысан және позитивті көңіл-күй қажет.
– Бұл жолы мен корей балет мектебімен жақын таныстым. Ол әртістерінің биік техникалық деңгейімен ерекшелінеді. Конкурсқа қатысу жаңа биіктіктерді игеру үшін маған одан әрі жетілуге күшті серпін берді. Осы Олимпиадада біздің спортшылар алтын, күміс және қола медальдарды жеңіп алды. Олардың – Бразилияда, біздің – Сеулде болғанымызға қарамастан, бізді сүйікті Отанымыз үшін жеңіске жету талпынысы біріктіреді. Бұл – бүгінгі таңда Қазақстанның барша халқы көп еңбек ететінін, әрі ерекше "жеңіс" атмосферасы құрылғанын дәлелдейді. Бұл өте қуантады, – деді Бақтияр Адамжан.