Семей қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік музыкалық-драма театрының киелі шаңырағы қашан да өз көрерменін жаңа қойылымдармен қуантып отырады. Осы жолы Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына арнап, Айбек Сапышевтың Қаһарман Қасым пьесасын ҚР мәдениет қайраткері режисер Бауыржан Төлеков сахналады. Осы қойылымда Е.Ахметов, Б.Омашев, С.Әшімбеков, М. Сыдықов, А.Нұрғамыс, Ә.Асылбекова сынды актерлер өздеріне жүктелген рөлдерді шеберлікпен сомдай білді. Ал, Қасым бейнесін Думан Бәкімбаев жұрт көңілінен шыға орындай алды. Ерлік пен елдікті мұрат тұтқан батыр бабамыздың рөлін ашу, табиғи таза келбетін таныту оңай емес. Осы қиындықтан Д. Бәкімбаев сүрінбей өтті. Премьераға келген xалықтың ризашылығына бөленіп, өнер сүйер қауымның алғысына да бөленіп үлгерді. Аталған қойылымға арнайы келіп қатысқан Ұлан ауданның әкімінің орынбасары Нұржан Оразбекұлы қоюшы режисер Бауыржан Төлековті мерекелік Қасым Қайсенов медалімен марапаттады. Ер есімі, ел есінде мәңгі қалатынына тағы бір мәрте көзіміз жетті. Қасымдай қайсар батырдың руxы, бүгінгі ұрпақтың қанына сіңсін деп, тарқадық. Абай театрының әдеби бөлім меңгерушісі, Мерей Қарт