- Негізгі бет
- Театр
- «Қара пима» ...
«Қара пима» спектаклінің премьерасы өтті
Қазан айының 29-30 күндері Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэмасының желісімен жазылған Айбек Сапышевтің драмалық туындысының премьерасы өтті. Қоюшы режиссері – Ербол Жуасбек.
Драмаға айналған поэманың әсері ерекше болды. Осы уақытқа дейін халықтың жадында «Қара пима» поэма ретінде сақталса, бүгінгі таңда қойлым ретінде жаңғырды.
«Қара пима» туындысының авторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік силығының лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет аталған туындының премьерасына қатысты. Қалың көпшіліктің ықыласы «Қара пима» спектакліне ерекше ауды, көрермен залында ине шаншар орын жоқ болғанын да айта кеткен жөн.
Қалың көпшілік туындыны тапжылмай тамашалады. Екі күн қатарынан премьера өткендіктен, әртістер де екі құрамда таңдалған болатын. Ең негізгі рөлдің бірі, тағдырлы баланың әкесі Сайран образын, Ерен Ахметов пен Думан Бәкімбаев ерекше сомдады. Әкелік махаббат, қамқорлық, сүйіспеншілік деген ұлы сезімдерді жүрекке жеткізе білді. Шарықтау шегіне қарай әкенің өзгеруі, ішімдікке салынған, адасқан адам ретіндегі сюжеттер көрермендердің көзіне жас үйірді.
Ана рөлін сомдаған – Әсел Асылбекова мен Ақерке Ризабекова ел көңілінен шыға білді. Спектакльдің ең басынан ортасына дейінгі оқиғаны алға жетеледі. Туындыға жан бітірді. Аналық мейірімнің, ақ жүректің өлшеусіз махаббатын шеберліктері арқылы жеткізді.
Әке мен ананың ортақ үміті, ортақ шырағы, жалғыз ұлдары – Алдиярды, Мағжан Аразалинов пен Жанболат Бейсенбекұлы ойнады. Бүкіл оқиғаның шарықтау шегі де, ең негізгі ойы да осы балаға байланысты болғандықтан, әртістердің көтерген жүгі жеңіл болған жоқ. Әлдеқашан балалықпен қоштасқан қос әртіс, тағдырлы баланың кейпіне лезде кіріп, дайындық пен еңбектің арқасындағы жетістік екенін дәлелдегендей болды.
Оқиғаны шиленістіріп жүрген, жанашырлық сезімнің элементтерін көрші апа рөлін сомдаған, Рысбүбі Төлеуханова мен Күләш Әбділденова кәсіби әртіс болғандықтан да, талай мәрте ана образын жасаған қос әртіске қиын соққан жоқ. Ал, көпшілік сахнада, қойылымның құрғақ болмауын қамтамасыз еткен әртістер, әр түрлі мимикалар арқылы елді бір күлдіріп, бір жылатты. Атап айтатын болсақ; Азамат Нұрғамыс, Жәнібек Абленов, Нұржан Хасеноа, Аяулым Тұрысбекова, Әсем Тұрлыбекова сынды театр әртістерінің де еңбегі ерен.
Біткен іске сыншы көп демекші, олқылықсыз өтті деп те айта алмаймыз. Кемшілікті де, жетістікті де қырағы көрермен қалт жібермейтіні белгілі. Сондықтан әлі де ел назарына ұсынылатын туынды болғандықтан, дайындық одан сайын күшейтілмек.
Шығарманың халыққа ой салатын элементтері өте көп болды. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, қарама-қайшылықтың бәрі көрініс арқылы суреттелген. Дер кезінде қол ұшын созу, уақыт қадірі, адам құндылығы спектакльді әсерлі етіп, қуатын молайта түсті. Әке кесірінен, әлеуметтік теңсіздік зиянынан, қоғам арсыздығынан кесілген баланың аяғы, бір қоғамның тыныс-тіршілігін суреттегендей әсер етті. Қателіктен сабақ алып, жаңа қоғамға қайта оралудың өзі қиын екені ескерілді. Көрермен халықтың жүрегін тербеп, сезімдерін сергіткен спектакльдің бұл қоғамға да берері мол деп түйдік.
Спектакль соңында көрермен қауым тік тұрып, ризашылықтың ақ шапалағын аяған жоқ. Әртістердің де жүзі қуаныш кернеген. Авторды, режиссерді ортаға шақырып ықлас көрсетті. Премьераға арнай келген Ұлықбек Есдәулеттің ақ тілегімен шымылдық жабылды.
Ж. Жұмағұлов