- Негізгі бет
- Театр
- Жұбы жазылмайтын дуэт...
Жұбы жазылмайтын дуэт
Тыңдарманды мойындатып, атақ-даңқтың сынынан, ең бастысы – уақыт сүзгісінен өткен тамаша дуэт он жылдан бері «Қазақстанның алтын виолончелі» атанған Ермек Құрманаев пен еліміздегі асқан шебер пианиношылардың бірі Арман Тілеубергенов бір сахнада. Аспапшылар 21 қазанда көрерменді «Астана Опера» театрының Камералық залында өтетін «Биске орындалатын музыка» атты концертте қуантады.
Табысқа апарар жол ұзақ та, оңай болған жоқ. Ермек Құрманаев П.И.Чайковский атындағы Мәскеудің мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған. Көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты. Ол 2008 жылы-ақ ҚР Тұңғыш Президенті қорының лауреаты атанды. ҚазақҰӨУ ұстазы.Т.Гайдамович атындағы II камералық-ансамбльдік халықаралық конкурсының орындаудан Бірінші сыйлық иегері (Ресей, 2009 ж.).
Арман Тілеубергенов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген, ал бүгінде ол осы консерваторияның арнайы фортепиано кафедрасының доценті. Көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты және дипломанты. Т.Гайдамович атындағы II камералық-ансамбльдік халықаралық конкурсының музыканы орындаудан Бірінші сыйлық иегері (Ресей, 2009 ж).
Талай жеңіс пен гастрольдік сапарды артта қалдырған атақты өнерпаздар «Астана Опера» Камералық залында «Музыкалық орта» атты циклды ашады. Аталған концерттер легін тыңдарман сәрсенбі күндері тамашалай алатынын айта кетейік.
– Биік өнерді сүйер қауымға әр кез жаңа жобалар ұсынылатыны тамаша. Жаңа ұсыныс әрқашан қызықтырады, осы тұрғыда театр ұжымына зор табыс тілегім келеді, - дейді Ермек Құрманаев.
Кештің алғашқы бағдарламасында музыканттар күрделі шығармаларды – Й.Брамстың Виолончель мен фортепианоға арналған №2 F-dur, ор.99 сонатасын, Д.Шостаковичтің Виолончель мен фортепианоға арналған d-moll, ор.40 сонатасын, сонымен бірге қазақ композиторларының танымал туындыларын орындайды.
Бағдарламаны таңдаған кезде келіспей қалатын сәттер бола ма деген сұраққа музыканттар, талғамдары бір жерден шығатынын және олар өте сирек сөз таластыратындарын айтып күлді. Аспапшылар «Астана Опера» театрының лебізі жылы тыңдарманымен қайта кездесетіндеріне қуанышты екендерін жеткізді.
– Елордалық опералық театрдың сахнасында өнер көрсеткен сайын, біз мұндағы атмосфераға қайран қаламыз. Аталған өнер ордасында жұмыс жасайтын музыканттар барын салып ойнайды. Бұл өз кезегінде шығармашылық процеске түрткі болады, сол себепті театрда ойнау тек қуаныш сыйлайды, - деді аспапшылар.
@. @assel_assanova