- Негізгі бет
- Театр
- Жоғары деңгейде гала-балет...
Жоғары деңгейде гала-балет ұйымдастырылады
«Астана Опера» театрында, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова ұйымдастыруымен жоғары деңгейдегі гала-балет өтеді. Балеттік труппаның көркемдік жетекшісі 13 қарашада астаналық көрермен назарына классикалық және заманауи нөмірлерден тұратын жаңа бағдарлама ұсынады.
– Репертуарымызды классикалық па-де-деден және па-де-систен басқа қазіргі заманғы дүниелермен толықтырғымыз келеді. Бұл қашанда тәуекелді қадам, дегенмен өзін-өзі ақтайтын қадам деп ойлаймын. Біріншіден, мұндай гала-балеттер әртістерді шығармашылыққа жетелейді, екіншіден, жаңа номерлерді тамашалаған әрқашан қызық. Жұмыс үздіксіз жүріп жатыр: әртістер дәріс алып, көп дайындалып, алдарына қойған мақсаттарына қол жеткізіп жатыр. Нәтижесінде, көрермен назары жас өнерпаздарға, айқын сахналық қойылымдарға әрі жаңа костюмдерге ауатыны анық, - дейді Алтынай Асылмұратова.
Қоюшы хореограф бағдарламаға заманауи нөмірлерді біртіндеп енгізе отырып, жақын күндері қазіргі заманғы балеттің тұтас бір кешін өткізуге болатынын атап өтті. Мұнымен қатар көркемдік жетекші солистердің өз орындауындағы хореографиялық нөмірлерді көрсетудің маңыздылығын айта кетті. Осы кеште Гүлнар Адамованың хореографиясындағы Руслан Қараның қызықты этникалық хореографиялық «Бақсы» композициясын халықаралық байқаулардың лауреаты, халықаралық және республикалық сыйлықтардың иегері Досжан Табылды өз редакциясында ұсынады.
Кәсіби биші, хореограф, ұстаз, Шведтік Корольдіктің балет мектебінде білім алған Ксения Зверева осы концертте екі жұмысын: Дж.Вильямстің «Жоғалған жұмағын» және Ф.Шуберттің Скерцосын паш етеді. Аталған номерлерді қою үшін хореограф арнайы шақырылған еді, онда жетекші солист ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина және балет әртісі Жәнібек Иманқұлов, сонымен қатар халықаралық байқаулардың лауреаты Серік Нақыспеков, Мөлдір Шәкімова және Бостан Қожабеков өнер көрсетеді.
Театр репертуарындағы Р.Дриго «Арлекинада», А. Дворжак «Әуен», Ц.Пуни «Маркитантка» сияқты танымал балеттерінің жаңа нөмірлері көпшіліктің сүйікті қойылымына айналған П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен адажио, А. Хачатурянның «Спартак» балетіндегі көрініспен және т.б. кезектеседі.
«Шахерезада» балетіндегі классикалық дуэтті Анастасия Заклинская (Мариинский театры) және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров орындайды. Концертке ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева және Тайыр Гатауов, халықаралық байқаулар лауреаттары Әйгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан, Әсел Құсайынова, Елдар Сәрсембаев және балет әртістері Марат Әбдірахманов, Наталья Кондя, Елена Семенова, Айдыс Саая, Айша Қалдыбекова қатысады.
Концерт 18:00 басталады.
Г. Берік