Жазушы мерейтойына тарту

Жазушы мерейтойына тарту

Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 70 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Белгілі жазушының мерейтойына орай ағымдағы жылдың 10-16 қазан аралығында кең көлемде халықаралық театр фестивалі өтетін болады.

Фестивальге еліміздің Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік Академиялық драма театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры, Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Корей музыкалық комедия театры, Ж.Шанин атындағы ОҚО қазақ драма театры, Ассамблея ұлттар театры және София орталық театры (Болгария), Василевский атындағы театр (Санкт-Петербург, Ресей), Омск қаласының театры (Ресей), Башқұртстан театры, Маяковский атындағы орыс академиялық драма театры (Тәжікстан) және Түркия елінің театрлары қатысады.

Драматург Дулат Исабековтың шығармалары неміс, орыс, чех, венгр, поляк және т.б. әлем тілдеріне аударылып, пьесалары өзге елдердің өнер ордаларында сахналанып келеді. Фестивальге қатысатын театрлар жұртшылық назарына жазушының «Жаужүрек», «Әпке», «Актриса», «Құстар фестивалі», «Ескерткіш», «Бақыт құсы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Мұрагерлер», «Тор», «Енді қайттік», «Транзитный пассажир» қойылымдарын ұсынатын болады.


Халық жазушысының мерейтойына арнайы ұйымдастырылып жатқан игі шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімімен және қоғамдық ұйымдардың қолдауымен өткізіледі. Фестиваль бір аптаға жалғасады. Спектакльдер алты күн бойы күніне екі мәрте қойылатын болады. Мәдени шараның соңғы жетінші күні қорытынды спектакль қойылып, үздік деп танылған актерлер мен актрисалар анықталып, жеңімпаздар марапатталатын болады.

Қазіргі таңда фестивальге дайындық жүріп жатыр. Дулат Исабеков бірқатар театрлардың дайындықтарын өз көзіммен көріп қайтқан. Сондай-ақ, жазушы қалам мен қағазды тастаған емес. Бүгінде ол шығармаларының санын көбейту үстінде.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: chatoff.by, qazaquni.kz

Ғ. Ұзақ