Сәуірде өткен Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінің тұсаукесеріне үлгермеген жандар, хореографияның аса көрнекті жауһарын Астана күні қарсаңында – 27 маусымда және 3 шілдеде тамашалай алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана Опера театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Астана Опера» театрының Үлкен залында басты кейіпкерлер – қызғаншақ Зарема, сезімтал Мария және Герей хан арасында лаулаған құштарлық оты баяндалады.
Әрқайсысы өзіндік сезімін, өзіндік ойнау қабілетін паш ететін құрамдар тең түседі, олардың орындауындағы спектакльді ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев және Ғалия Бөрібаева қойған. 27 маусымда Герей партиясын Жандос Әубәкіров сомдаса, Зарема – Гауһар Усина, Мария – Назерке Аймұхаметова, Вацлав – Еркін Рахметоллаев, Нұрәли – Серік Нақыспеков. 3 шілдеде Герей партиясын Жәнібек Иманқұлов орындаса, Зарема – Әйгерім Бекетаева, Мария – Мәдина Баспаева, Вацлав – Тайыр Гатауов, Нұрәли – Бақтияр Адамжан.
Кордебалет әртісі Жәнібек Иманқұлов Герей партиясын алғаш рет сомдайтынын атап өту керек, ол бұған дейін Б. Эйфманның «Роден» балетінде бас партияны орындағандықтан, бұл оның «Астана Опера» сахнасындағы алғашқы салмақты ролі емес, ал Мария партиясына дайындалып жатқан жас та, дарынды Назерке Аймұхаметова үшін бұл елордалық сахнаға шығатын аса жауапты күн болмақшы.
Қазақстандық хореографтардың қойылымына өнертану ғылымдарының кандидаты, А.Я. Ваганова ат. Орыс балеті академиясының доценті Ольга Розанова баға берді. Өзінің «Тамаша аңыз... Тамаша балет...» атты мақаласында сыншы былай деп жазады: «1934 жылы В. Ходасевич өте жақсы көркемдеген және сол сценографиямен күні бүгінге дейін Мариинский театрында қойылып келе жатқан спектакльмен салыстырғанда қазақтың «Бұрқағы» анағұрлым өзгеше әрі жақсы».
Өнертанушы Зарема партиясын орындайтын балеттің жетекші солисттерінің шеберлігін ерекше атап өтті. – Бұл жерде бидің асқан шеберлігін меңгергендігің жеткіліксіз, кейіпкердің өмірін өз басыңнан кешуің керек, оның жан қайғысын көрсету қажет, мелодрамалық әсірелеуден бойыңды аулақ ұстап, махаббат пен үмітке деген ынтықтан бастап, қажу мен қасарысуға дейін апаратын сезімдердің күрделі жиынтығын жеткізу керек. Бір сөзбен айтқанда, балерина нағыз актриса болуы қажет. Бұл талантты прималар – Әйгерім Бекетаеваның және Гауһар Усинаның қолынан келді.
Сюжетке А.С. Пушкиннің, Көз жасының бұрқағы деп те аталатын, Бақшасарай бұрқағы жайлы көне аңыздың негізінде жазылған аттас поэмасы негіз болған. Татардың қатігез қолбасшысы Герей хан Польшада сойқан салады. Кезекті шапқыншылық кезінде ол әскерімен келіп, князь қызы Марияның туған күніне орай өтіп жатқан салтанатты кеште польшалық қамалды басып алады. Жергілікті халықты қырып салған Герей хан, Марияны көргенде ессіз ғашық болады. Сұлулығы күн нұрымен таласқан нәзік тұтқынды Бақшасарайға алып келеді, сол жерде Мария, өзі келгелі бірінші әйел дәрежесінен айырылған, Гирейдің сүйікті жұбайы – Заремаға кезігеді. Герей хан болса, Мариядан өзін ұнатуды жалынумен болады, жас қыз салқынқандылық танытады. Үлкен басы кішірейген Герей хан кеткен кезде, жататын бөлмеге Зарема келеді. Ол ханнан бас тартуды талап етсе, Мария Герейді ешқашан сүйе алмайтынын түсіндіруге тырысады. Алайда Марияның бөлмесінен ханның ұмытып кеткен тақиясын көрген Зареманың қызғанышы басына шауып, жас қызды өлтіріп қояды. Герей ханды жұбату мүмкін емес еді.
Спектакль 19:00-де басталады. Билет бағасы 500 теңгеден басталады.