- Негізгі бет
- Театр
- "Жайдарманның" жай-күйі қалай?...
"Жайдарманның" жай-күйі қалай?
Бүгін – халықаралық КВН ойындарының туған күні. Орыстардан тамыр тартқан бұл ойын, қазақ даласынада кең тарап үлгерді. Жастардың сүйікті ойынын қолдаушылар да, мін тағушылар да баршылық. Жайдарманшыларымыздың өнері көңілден шығып жүр ме? Жастар жаппай көретін бұл ойын несімен ерекше? Осы сұрақтар төңірегінде, Жайдарман ойындарының бүгінгі жай-күйі, деңгейі жөнінде сауалнама жүргізген едік.
Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен:
Бүгінгі таңда Жайдарман ойындарына сұраныс бар. Алғаш бастағанда 10-15 командамен бастасақ, өткен жолы 212 командаға дейін сұраныс берді. Сайт арқылы 159 команда тіркелді. Облыс, қалаларда 14 лига жұмыс жасап жатыр. Енді, деңгейін мен бағалай алмаймын ғой. "Сырт көз сыншы" деген. Біздің мұнымен тоқтап қалмай еңбектене береріміз сөзсіз. Ұлттық арнада алдыңғы рейтингтердің бірінен түскен емеспіз. Әрине олқылықтарымыздың да бары рас. Көбі бізді кәсіби театрлармен салыстырып жатады. Бірақ бұл жастарға арналған ойын. Оқушылар мен студенттеріміз бос уақытын тиімді пайдаланса дейміз. Бізді сынаушылар өте көп екенін жақсы білемін. Жайдарман ойнағандардың далада қалғаны жоқ. Бәрі өмірден өз орнын тауып жатыр. Жастарды көпшілік алдында қысылмауға, өзін-өзі дұрыс ұстуға, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, интелектуалдық деңгейін көтеруге атсалыссақ деген оймыз бар. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Кейде тұрпайылау әзілдер шығып кетіп жатады. Алайда қазір тәртіпті күшейттік. Сауатты, ой салар әзілдердің шығуына жағдай жасаймыз. Ал, жайдарманды халыққа танылсам, қыздардың көзіне түссем деген теріс пиғылда пайдаланатындардың сахнадағы ғұмыры қысқа болары анық. Бізден көптеген спортшылар, әншілер, заңгерлер түлеп шықты. Бәрі де әр қиырда өз ісімен айналысуда. Ешқандай да теріс әрекеттерге барып жатқан жоқпыз. Жайдарман – жастық шаққа тән ойын. Достыққа үндейді. Ел көріп, жер көріп, сонау батыстағы мен шығыстағы жайдарманшылар дос болып кетті.
Ал «Жайдарлы Жас Ұланға» қатысты сұрағыңа айтарым, біз оқушылардың сабағына, білім алуына кедергі жасамаймыз. Жылына 4 ойын қойдық. Ойын болғанда жайдармандағыдай емес, 50%-ы әзілге құралса 50%-ы интелектуалды ойын түрінде өтеді. "Ойлан тап", "өтірік өлең", "5-сайыс" секілді бөлімдері бар. Қазіргі балалардың білім деңгейі төмендеп кетті. Әлеуметтік желілердегі белсенділігі артып отыр. Біз сабағы нашар балаларды ойынға қатыстырмаймыз. Мұғалімдердің статусы түсіп кеткен. Осыған жұмыстансақ дейміз. Жайдарманшылардың білімді болғанын қалаймын. Білімді адамнан бәрі шығады. Зиялы қауым өкілдерін көп көре бермеймін. Әйтеуір сол кісілер біреуге өкпелі. Аты дардай үлкен ағаларымыз сын айта бермей, керісінше, көмектессе деймін.
"Жайдарман" ойындарында қазылар мүшесі болған, ақын Қалқаман Сарин:
Бұл жайында сіздің сайтқа берген сұхбатымда да айтқан болатынмын. Негізі айтқым келгені, бұл ойын өзге ұлттан, яғни мына орыстардан келген дүние ғой. Біздер үшін тарихсыз, тамырсыз болса да, жастар арасында жақсы сипат алып келеді. Сондықтан да бұған қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Әрине сапасыз, жалаң дүниелерге де жол беріліп жатады. Бірақ сыртынан отырып сынай бермей, керісінше бұл ойынды кәсібилендіруге, идеология ретінде пайдалануға тиіспіз. Ұлттық арнадан беріліп жатқаннан кейін жастарымыз танымалдылықты, эфирден бір көрініп қалуды ойламай, ұлттың бет-бейнесін көрсетуге, қоғамдық мәселелерге, рухани құндылықтарымызды насихаттауға ұмтылса деймін. Орыстарда қалай? Олар КВН-ді Президенттерінің өзі келіп тамашалайтын деңгейге жеткізген. Бізде де сол сияқты «Жайдарманды» кәсібилендіруге, арнайы авторлар тартуға тиіспіз.
Бейбіт Сарыбай, жазушы, журналист:
Ең бірінші айтпағым, мектеп оқушыларын жайдарман ойнатуға қарсымын. Бұған Білім министрлігінен тоқтау салу қажет. Бала мектеп кезінде жайдарман ойнаймын деп желпінбей, дұрыс білім алуы қажет. Оң- солын танымаған балалардың басын қатырмайық. Студент кезде ойнасын. Ол кезде ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты тануға басы жете бастайды ғой. Сол кезде өз еркі, жан қалауы біледі. Сабақты оңдырмаған, аннан қашқан, мыннан қашқан пысақайлардың ойсыз әзілі кімге керек? Әріпті таяқтап білмейтін таяздар ойнап жүре берсін. Бір жағынан өнерді арзандатып аламын деп қорқуға болмайды. «Нысана» секілді сатиралық театрлар да жүр ғой. КВН-шылардың әрі кеткендегі жеткен жері «Базар жоқтың» құрамын толтырар. Болды. Бұндай нәрсені Ұлттық арнадан беретініне өз басым таң қаламын. Кішігірім телеарналардан берсін, сыймай бара жатса. Ұлттық арнадағы бір бағдарламаның жарыққа шығуына қыруар қаржы бөлінеді. Ал ол біздің салықтан түскен ақшамыз. Яғни сенің, менің ақшам. Мысалы, мен өз ақшамның босқа шашылғанын қаламаймын. Әрине бәрі талғамға байланысты ғой. Ұнайтындар көре берсін.
Манас Қайыртай, студент:
Жалпы еліміздегі КВН одағының құрылғанына алдағы 1-2 жылда он жыл толады екен. Жайдарман ойындары туралы пікір әртүрлі. Үлкендер жағының мадағын естімеппін. Ал жастардың көбі дерлік көруге ағылып жатады. Анау айтқандай биік деңгейге жетпесе де, жайдарманның ойындарында айтылатын кей әзілдің өзіндік мәні бар. Мәселелерді де көтеріп жатады. Ұйымдастырушылардың еңбекқорлығына қарай қолдау да жоқ емес. Ең беделді ұлттық арнадан жиі көрсетіледі. Өстіп-өстіп өзіндік қалпын табады ғой. Әзілкештер тек мына бір ескертпелерді біле жүрсін: 1) КВН сахнаның ойыны болғандықтан, қарадүрсіндікті, дөрекілікті массалық көрермен қабылдамайды. Риясыз күлкі емес, шарасыз жымиыс сыйлайды ондай әзілдер. 2) Жайдарманшылар қайталауға жиі ұрынады. Бір рет эфирден шыққан әзілді әлгі командалар "Бәленшенің кубогы" дейтін жарыста тағы да орындайды. Бұл да үлкен "минус" болып табылады. Сыртта тұрып сын айтқаннан оңай нәрсе жоқ. Жайдарман ойындарының болашағы зор болсын.
Мейіржан Жылқыбай, студент:
Қазіргі жайдармаааан... сондай бір керррремет жоба!... деп айтқым ақ келеді, бірақ.. Дәнекер, Максимус, Аязбаевтардың кезіндегідей емес. Неге? Өйткені, сахнаға қойылатын тақырыптардың көбін редактурадан өткізбейді. Мен де бұрын КВН ойнадым. КВН ойнап жүргенімізде редактураға тоқсан әзілмен барып, жеті-сегізіне ғана сахнаға қоюға рұқсат алып шығатынбыз. Ананы қоюға болмайды, мынаны қоюға болмайды! Тіпті қарапайым нәски деген сөзі бар әзілдің өзін жаман сөз деп өткізбейді. КВН ол уағыз емес қой. Халыққа халықтың тілімен әзіл керек. Ал ол жерде олай сөйлетпейді. Тіпті, Дәнекер ма едііі... Біреу кезінде сахнаға шығып: "Сахнаның этикасы бойынша сахнада тұрып ешқашан "емшек" деген сөзді айтуға болмайды, сондықтан келесі әзілімізді сахналамаймыз" деген әзілі бар еді. Ал қазір? Есен Елеукен өзінше мәдениетті. Ойыншылар бір ойын ойнап жұлдыз болып қалатынына тоқтау салмай ма одан да. КВН ойнап жүргенде ондайларды да көрдік. Және олар аз емес.
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: Vk.com
Ш. Талап