Өтіп бара жатқан жылдың ірі мәдени оқиғасы: заманымыздың аса көрнекті хореографы Юрий Григорович «Астана Опера» төрінде «Жаңғақ шаққыш» балетін қояды. Қиялға толы спектакльдің тұсаукесері театрдың бас сахнасында желтоқсанның 25, 27, 28 және 31 жұлдызында өтеді, − деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қойылымға қатысатын «Астана Опера» балетінің солистері: Мари – Мәдина Баспаева, Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Гауһар Усина, Жаңғақ шаққыш-Ханзада – Бақтияр Адамжан, Досжан Табылды, Тайыр Гатауов, Еркін Рахметоллаев.
«Жаңғақ шаққыш» балеті – бұл адам жанының қалай есейетіні, махаббат сезімі кеудеңе ұя салатыны жайлы поэзиялық әңгіме. Бас кейіпкермен бірге көрермен де, Жаңғақ шаққыш-қуыршақтың күлкілі келбеті мейірімді батыл жүрек иесін жасыратынын, ал қуыршаққа деген махаббат пен жанашырлық бас кейіпкер үшін ғажап Ханзадамен кездесуге айналатынын түсіне бастайды. Қоюшы хореограф Юрий Григорович Чайковскийдің тамаша музыкасынан тек бақыттың үйлесімдігін ғана емес, композиторға, оның партитурасына тұтастай сенім арта отырып, сүйікті ертегіден мінсіз бақытқа қол жеткізу мүмкін еместігі жайлы философиялық ойды да көре білді.
Дүниенің ғажабы біздің айналамызда екенін күнделікті өмірде байқай бермейміз.
«Жаңғақ шаққыш» балеті «Астана Опера» театрының репертуарындағы ересектердің де, балалардың да сүйікті қойылымдарының біріне айналатынын сенімді түрде айтуға болады.
Сурет: Карла Нур