- Негізгі бет
- Театр
- Жаңа спектакль: "Қар...
Жаңа спектакль: "Қар қызы" шақырады
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесінің желісінде қойылған режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың "Қар қызы" спектаклі көрерменге жол тартты.
Премьера алдында "Музей" бөлімінің ұйымдастыруымен "Қар қызы" спектаклінде ойнайтын артистердің галлереясы қойылды. Сонымен қатар, ақын, драматург, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағаймен поэзия форматында сұхбат өтті.
"Оралхан Бөкейдің қай шығармасын алсаң да адам мен табиғат арасындағы байланысты көркем тілмен керемет суреттейді. Шығыстың қытымыр қысын, сарышұнақ аязын, дүлей боранын сұлу сөзбен көз алдыңа әкеліп отырады. Осындай шығарманың бірі – "Қар қызы". Бұл көркем туындының театрда сахналанғанына өз басым қатты қуандым. Жас режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың шығармашылығына жеміс тілеймін", - деді актер Бауыржан Қаптағай.
Режиссер – Жұлдызбек Жұманбай
Қойылымның шығармашылық құрамы:
Қоюшы-режиссер: Жұлдызбек Жұманбай
Режиссердің ассистенті: Қуаныш Бейсеғалиев
Қоюшы-суретші: Алтынай Жүсіпәлі
Балетмейстер: Карина Джиренбаева
Режиссердің көмекшісі: Сумбат Гениярова
Қойылымның актерлері: бірінші және екінші құрам
Нұржан: Қуаныш Бейсеғалиев, Мағжан Асаубай
Аманжан: Жанат Тыныбаева, Әлихан Лепесбаев
Бақытжан: Шерхан Пірназаров, Ришат Жұрынбай
Қоңқай шал: Тұңғышбай Жаманқұлов, Бауыржан Қаптағай
Сиыршы шал: Төлеубек Аралбай, Үсіпхан Сейтімбет
Жылқышының қызы: Әсел Сайлауова, Әсел Абдыхамитова
Қолшатырлы қыз: Мадина Келгенбай, Майра Абсадықова
Қар қызы: Динара Үсенова, Индира Меңдібаева
"Қар қызы" – Оралхан Бөкейдің тырнақ алды туындыларының бірі. Бұл повесть жайлы жазушы өз естеліктерінде былай дейді:
"Менің "Қар қызы" деген повесім бар. Оның қысқаша мазмұны мынадай: ауылда мал азығы таусылып қалады да, үш жігітті тым шалғайдан трактормен шөп әкелуге аттандырады. Әкелері соғыста өлген, өздері соғыстан соң туған үш жігіт ДТ-54 деп аталатын трактормен 40 градус суықта, діттеген жеріне жете алмай қар шағылдардың арасында адасады, қар тұтқынында қалады. Сөйтіп, өмір мен өлімнің екі арасындағы мәңгі аяқталмас майдан басталады... Ондағы Нұржан - өзім. Бұл болған оқиға, мектеп бітірген соң көп жыл тракторист болып істегенмін. Әрине, Қар қызын түсімде ғана көрдім, сыңсып салған әнін естігендей болғанмын. Бір ойдан оқушы бұл оқиғаға сенбеуі де мүмкін, ал мен сенемін", - дейді.
"Қар қызы" қойылымының сипаттамасы:
Қыс ортасында мал азығы таусылып, трактормен алыстан шөп әкелуге шыққан үш жас жігіт ақ қар, көк мұзды тау арасында жолдан адасады. Айнала аппақ әлем, үскірік аяз. Үсіп өлу қаупі туған кейіпкерлер үшін өмір мен өлімнің арпалысы басталып, олардың шынайы болмыстары да ашыла түседі.Осы бір қиын сапардың басындаолар Қоңқайға, ал, соңында "...Қоңқай зәлім жеңбесін деп Айыртауда отырған.." Сиыршы шалға жолығуы бекер емес. Әлемде жамандық жайлап кетпеуі үшін оған жақсылық қарсы тұрады. Өмірдің ұлы тепе-теңдік заңдарының бірі осы болса керек...
А. Қажиев