Жалғыздың да үні шығады

Жалғыздың да үні шығады

20 жылдан аса уақыт бойы Волгоград Мемлекеттік театрында тек бір ғана актер өнер көрсетіп келеді. Сіз осыған сенесіз бе? Бұл – шындық. Сценарист те, режиссер де, актер  де  - Зинаида Гурованың өзі. 20 жыл бойы 22 түрлі қойылымда сан қилы шатасқан тағдырлардағы жарқын әйел образдарын асқан шеберлікпен орындап жүрген де сол.

                                

Бірақ театр репертуары тек кішігірім қойылымдармен ғана шектелмейді. Зинаида атақты әйел ақындар А. Ахматова мен  М. Цветаеваның таңдаулы лирикалық жырлары мен хаттары негізінде жазылған шығармаларды, А. С. Пушкиннің шығармашылығынан алынған туындыларды сахналайды. Жалғыз өзі!  

                                 

Сонымен қатар, жан-жақтылыққа еті үйренген Зинаида Гурова Волгоградтың театр өнері бойынша оқытатын сабақтарына да ат салысады. Педагогтар мен оқушыларға шын көңілімен шеберлік сағаттарын  өткізіп, сөйлеу техникасы мен сөзді тиімді қолданудың шеберлігіне үйретеді.
Театрда оның жалғыз қалуының да себептері жоқ емес. Бұл театрдың ашылуына 1989 жылы Горький атындағы қалалық театрдың жабылуы  себеп болған. Қиын экономикалық жағдайлар кезінде Ресейге еңбек сіңірген әртіс өзінің жеке театрын құру үшін тәуекелге бел буады.

                                   

Таңғажайып моноспектакльдермен-ақ құрылған Волгоград театры уақыт өте танымалдылыққа ие бола бастайды.

                                   

Өнерін жанына серік еткен батыл актриса Зинаида Мәскеу, Санкт-Петербург, Севастополь, Пермь, Краснодар, Минск, Анапа,  Баку сынды үлкен қалаларға гострольдік сапарлармен  барып, өнерін паш етіп жүр.

                                     

Өзге де өнер ордаларына қарағанда, өзінше  ерекшелікке толы театрды түрлі іс-шаралар мен үлкен көлемдегі концерттерге де құрметтеп шақырып отырады. 2005, 2007  және 2009 жылдары Зинаида Гурова  «Один и все» деп аталатын әлемдік фестивальдің ұйымдастырушысы болды. Волгоград қаласында өтетін бұл шараға ЮНЕСКО  қолдау танытты. Оған қатысушылар тек Ресей қалаларынан ғана емес, Германия, Украина, Польша, Армения, Белорусия, Литва, Калмыкия сынды мемлекеттерден де келіп, бақ сынады.

                                      

Топ-топ болып топтасқан әртісі болмаса да, бұл театр әлі де өмір сүріп келеді. Өлмейді де. Ал біз, өзімізше, «Жалғыздың үні шықпайды» деп жүрміз...

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: a-fishka.info

А. Әбілхан