- Негізгі бет
- Театр
- Жақсы бастама –...
Жақсы бастама – істің жартысы
М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен қарашаңырақ театрдың 90 жылдығына орай Талдықорған мен Текелі қалаларына 21-22 сәуір күндері гастрольдік сапармен барып, И.Сапарбайдың "Сыған серенадасы" спектаклін қойды.
"Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен театрымыздың 90 жылдығы тұспа-тұс келіп, мерейлі мерекелер бір-бірімен ұштасып жатқан сәтте Республика көлемінде спектакльдер қоюдағы мақсатымыз –қалың жұртшылықты Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтау және театрымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыру. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін Жетісу жерінен басталған гастроліміз еліміздің өзге де аймақтарында жалғасын табады", – дейді театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл.
Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының ұжымы облыс өңіріне гастрольдік сапармен барған М.Әуезов театрын қазақи дәстүрмен алдынан ақ алып шығып, дәмнен ауыз тигізіп, ақ батасын беріп, құшақ жая қарсы алды. Жақсы ниет, жылы қабақ, ақ пейілдерімен күтіп алған талдықорғандықтардың ықыласы қойылым тобын бір марқайтып тастады. Ал Б.Римова театрына бет түзеген ұжымымызды Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев қарсы алды. Ол: "Құрметті жетісулықтар, бүгін қазақ өнерінің биік шыңынан орын алған М.Әуезов театрының КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов пен театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл бастаған ұжым Алматы облысының әкімі А.Баталовтың ұйымдастыруымен гастрольдік сапармен келіп отыр. Биыл Елбасы Н.Назарбаевтың рұқсатымен А.Баталовтың бастауымен Талдықорған қаласында театр салынбақ. Сонда А.Әшімов бастаған өнер майталмандары келіп тұсауын кеседі. Сол себепті, Б.Римова атындағы театр мен Әкемтеатр қоян-қолтық жұмыс істеп, шығармашылық байланыста болады деп ойлаймын", – деді.
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба, сен мені
Мен – қазақтың баласы! – деп Қасым Аманжоловтың өлеңімен сөзін бастап, Жетісу жұртымен амандасқан Асанәлі Әшімов: "Құрметті көрермен қауым, бауырлар, өнер – халықтікі! Биыл бізге – 90 жыл. 1926 жылы 13 қаңтарда өнер майталмандары, қарапайым халықтың арасынан жиналған топ театр құрды. Солардың ішінде Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Ә.Қашаубаев, И.Байзақов сынды театр корифейлері болды. М.Әуезовтің өзі Әдебиет бөлімін басқарған. Кейін қатарына К.Бәйсейітова, Ш.Аймановтар келіп қосылды. Сол ұлы адамдардың бастауы жұғымды болып, театр аяғына тік тұрып, шаңырағынан Опера театрын, Филармонияны бөліп шығарды. Бүгінде қарашаңырақ, Әкемтеатр болып отырған өнер ордасы облыс басшыларының тапсырмасымен республика аймақтарын аралап спектакль қоюға Талдықорған қаласына келіп отыр. Сіздерге ұлы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған "Сыған серенадасы" мюзиклімен келіп отырмыз", – деді.
Спектакльде Шәмші рөлін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, Изольда рөлін Шынар Жанысбекова ойнады. Алеко рөлін Қазақстанның "Серпер", Жастар одағы сыйлығының лауреаты Алмас Шаяхметов сомдады. Сонымен қатар, Баронесса рөлінде ҚР еңбек сіңірген артисі Ғазиза Әбдінәбиева өнер көрсетсе, Шәмшінің анасы рөлін Талдықорған өңірінің тумасы, ҚР еңбек сіңірген артисі Шәмшәгүл Меңдиярова ойнады.
Спектакльден кейін түнделетіп Текелі қаласына жол жүрген театр ұжымы 22 сәуір күні Текелі қаласының мәдениет үйінде өнер көрсетті.
Қара сөздің қадірін білетін, қазақ өнерін қастерлейтін Жетісу халқы Шәмшінің "құлақтан кіріп, бойды алар" әндерін сүйсіне тыңдап, көргендерін көкірек-көңілдеріне түйіп, асқақ Алатаудың баурайына еркелей орналасқан алып шаһар Алматыдан келген өнерпаз қауымға алғыстарын жаудыра шығарып салды. Ал "жақсы бастама – істің жартысы" екенін сезінген әртістерді алда әлі талай Ұлы даланың ұлағатты ұрпақтары күтіп тұр еді.
Г. Берік