- Негізгі бет
- Театр
- Жак Аттали: «Музыка...
Жак Аттали: «Музыка – табыс көзі емес» #2
Еліміздің астанасына өнерін паш етуге келген әйгілі Жак Атталимен "Астана Опера" театры сұхбаттасты.
- Дирижерлардың ішінде өзіңіз үлгі тұтатын адам бар ма?
– Иә, әрине! В.А. Гергиев – дирижерлықтың арқауы, сондай-ақ, керемет Клаудио Аббадо мен Даниэль Баренбойм бар, ол асқан шебер.
- Музыкамен айналысу табыс көзі емес, рухани азық шығар?
– Ешқандай табыс көзі емес, мен үшін дирижерлық ету – өзім үшін сын. Өзіңмен өзің болу.
- Біздің баспасөз сізді жан-жақты деп атады. Өзіңізді көптеген салада - саясатта, экономикада, әдебиетте көрсеттіңіз, ал жеке өміріңіз қалай?
– Менің жеке өмірім – менің жеке шаруам. Мен оны баспасөзге жарияламаймын (күлді).
- Бәсекеге толы өмірде үлкен жетістікке жету үшін өзіңізге қандай қасиеттер көмектесті?
– Мен үнемі өзіммен өзім болуға тырысамын, көңілім қашан да ақ және ешкіммен бәсекелеспеуге тырысамын. Біреудің орнын басып, біреуді бәсекелес көріп, өзім біреумен бақталасуды қаламаймын, мен қашан болса да өзіммен өзім болып қалуға тырысамын.
- Тағы қандай саланы меңгергіңіз келеді?
– Акробат бола алмаймын-ау, әйтсе де, байқап көрер едім.
- Жұмыс үшін көп нәрседен бас тартатын шығарсыз?
– Мен ешқашан жұмыс істемеймін, неге десеңіз, ондай сөзді де білмеймін, өмірімде немен айналыссам да, мен одан ләззат аламын.
Жак Аттали – экономика ғылымдардың докторы. Ол Политехникалық мектепті (1963 жылдың үздік оқушысы), Тау-кен мектебін, Саяси зерттеулер институтын, сондай-ақ Ұлттық басқару мектебін тәмамдады. Политехникалық мектепте, жол басқармасының Ұлттық мектебінде және Париж-Дофин университетінде экономика теориясы бойынша дәрістер берді. Бірнеше халықаралық университеттердің Құрметті докторы дәрежесіне ие, сонымен бірге Дүниежүзілік мәдениеттер академиясының мүшесі.
1989 жылы Бангладештегі апатты су тасқынына қарсы бағытталған Халықаралық әрекет ету бағдарламасын іске қосты. Сондай-ақ, ядролық қаруды тарату қауіпі бойынша БҰҰ Бас хатшысына кеңес берді. Франциядағы жоғарғы білім беру стандарттарын жалпы еуропалық деңгеймен сәйкестендіру бойынша LMD реформасының бастамашысы.
Жак Аттали – L’Express журналының баспагері, 20 тілге аударылып, 6 млн. таралыммен жарық көрген 50 кітаптың авторы, оның ішінде эссе (тақырыптары алуан түрлі – математикалық экономикадан музыкаға дейінгі), өмірбаяндар, новеллалар, балалар ертегілері мен пьесалар бар.
Француз Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша 2007 жылдың тамыз айында экономикалық өсім жөніндегі комиссия Төрағасы болып тағайындалады. Халықаралық Foreign Policy Magazine журналының дерегі бойынша әлем зияткерлерінің үздік 100-дігіне кіреді (2008 Мамыр/Маусымы және 2010).
Ол – музыкаға жаны құмар, бала кезінен фортепианода ойнайды, көптеген музыкалық жобаға қатысқан. Он жылдан аса уақыт Париж, Иерусалим, Шанхай, Лондон және басқа да көптеген қалада симфониялық оркестрлермен дирижер ретінде өнер көрсетті.
Ф. Абилова