Халықаралық би күніне арналған кештен қапы қалмаңыз!

Халықаралық би күніне арналған кештен қапы қалмаңыз!

ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдың 29 сәуірі Халықаралық би күні болып жарияланды. Мереке қарсаңында Қазақстанда тұңғыш рет Үнді халқының Катхак классикалық биін орындаушы, әлемге танымал бишілер Пандит Раджендра Гангани мен Свати Синха өнер көрсетеді. Алматы қаласының Мәдениет Басқармасы мен Үндістанның Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өтетін бұл кеште аталған өнер иелерімен қатар, Үнді классикалық би орталығының жетекшісі, үнді классикалық би өнерінің магистрі, ЮНЕСКО жанындағы Париждегі Халықаралық Би кеңесінің мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Ақмарал Қайназарова мен оның шәкірттері қатысатын болады.


Ақмарал Қайназарова: 

«Халықаралық би күні  - барлық халықтың мәдени бағыттарын біріктіре отырып, саяси- тарихи  және  мәдениет шекараларды біріктіруді көздейтін күн. Бұл мерекеге орай, арнайы келген кеш қонақтары өз өнерлері арқылы ертедегі Үнді халқының рухани мәдениеті және гуманизм мен оптимизмге толы өмірінен сыр шертетін болады. Үнді  классикалық  биі  -  ертеден  келе жатқан философиялық өнер. Бұл өнер үнді халқының бақытты өмір тіршілігі мен құпия сырлары бейнелейді. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан бұл игі шара көпшілікке Үнді елінің мәдениетін жаңа қырдан тануға мүмкіндік береді деген ниеттемін».


«Үнді классикалық биі» орталығының негізін қалаған Ақмарал Қайназарова бүгінде шәкірт тәрбиелеп, терапевтикалық йогадан дәріс береді. Оның айтуы бойынша, би орталығының басты мақсаты - адамның физикалық және рухани әдемілігін дамыту, үнді классикалық биі арқылы жеке тұлғаның шығармашылық деңгейін анықтау. Сондай-ақ, би орталығы екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға, мәдени байланысын тануға жол ашады. Концерт 6 сәуір күні сағат 18:00-де Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік Филармониясының  залында өтеді. Келем деушілерге есік ашық!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: np.kz, kazpravda.kz, indiandance.kz

Ғ. Ұзақ