Солтүстік Греция ұлттық театрының басшылығы өз көрерменіне үндеу айтты. Үндеуде көрермен кіру билеттерінің орнына әртістерге тамақ әкелуін сұраған. Agence France-Presse грек театры осы тұрпаттағы жеңілдіктер беріп, жетім балалар мен жалғыз басты аналарды елдегі дағдарыстан құтқару жолдарын қарастырыпты.
Театр әкімшілігі театр өнерінің табынушыларынан көп уақытқа сақталатын ас әкелуін сұраған. Себебі жиналған тағамды қоғамдық мекемелерге жеткізу үшін біршама уақыт кететін көрінеді. Бұл бастама бес қойылымға дейін жалғасады екен. Театр маусымы келесі жылдың наурыз-сәуір айларына дейін жалғасын табады.
Залдың ортасына дейінгі орындардың «құны" - бір қап макарон мен консервантты тағам. Бір қуантарлығы, бастаманы қолдап келушілердің саны күн санап өсуде. Аншлагтан орын таппағандар тамақтарын әкеліп кетіп жатыр. Бұл арқылы театр әкімшілігі жоғары шенділердің шымбайына тимесе де, жүректерін бір-бір шымшылап өткісі келгендігі бар-ау. Себебі арнайы ашылған қайырымдылық қорына жеке кәсіпкерлердің қалтасынан құйылып жатқан қаржы көлдей тасымаса да, жағдай түзерлік сомаға барған.
Расында да, халықтың жағдайына қырын қарамайтын өнері иелерінің мұндай бастама жасауы адам қуантарлықтай. Терең тарихынан көрерменмен бірге өсіп өнген, мәдениеттің бастауын аренадағы қойылымдарымен жасаған елдің жағдайы қазіргі кезде дағдарыстың ұшында тұрған сыңайлы. Әйтсе де, жеңіліп, сары уайымға түсер халықты көріп тұрғамыз жоқ. Жарайсың, өнер!
Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ
Сурет: nashagazeta.ch