- Негізгі бет
- Театр
- Гламурлық сопрано Анна...
Гламурлық сопрано Анна Нетребко Астана күніне орай концерт берді
Опера өнеріндегі сұранысы ең жоғары әнші – Анна Нетребконың Қазақстандағы алғашқы концертіне ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Әлемнің ең ең атақты деген сахналарын бағындырған ол «Астана Операда» 5 шілдеде, Астана күні қарсаңында өнер көрсетті.
Анна Нетребко өзінің Қазақстан тыңдарманына «Манон Леско» операсынан Манонның «In quelle trine morbide» ариаларын, «Андре Шенье» операсынан Мадленнің «La mamma morta» арияларын, «Адриана Лекуврер» операсынан Адриананың «Io son l’umile ancella», «Су перісі» операсынан Су перісінің «Song to the Moon» арияларын және басқа туындыларын орындап берді.
Примадоннамен бірге сахнада өнер көрсететін кештің арнайы қонақтары – асқан шебер скрипкашы Вадим Репин (Бельгия) және Мариинский театрының солисі Ахмед Агади (Ресей). Тыңдарман назарына «Травиата» операсынан Stretta dell’introduzione et Brindisi "Libiamo ne'lieti calici", «Сыған қыздың» скрипка мен оркестрге арналған концерттік рапсодиясы, «Кармен» операсындағы тақырыптар Фантазиясы және т.б.
Әлем жұлдызы Анна Нетребко – атақты брендтердің өкілі. Оны сүйіп тыңдайтын тыңдармандары әлемнің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады. Бүгінде теңдесі жоқ Анна Нетребко жер бетіндегі әйгілі деген опера әншілерінің ішінде өзіндік ерекшелігі бар тұлға.
Әнші Краснодар қаласының тумасы. Ол сахнаны бала кезінен армандапты. Анна Санкт-Петербордағы консерваторияны вокал класы бойынша тәмамдаған. Кейін келе өзінің арманы саналатын опералық өнерге ат басын бұрады. 1994 жылы, осыдан тура 20 жыл бұрын Анна Нетребко Мариинскиий театрында сахнаға тұңғыш рет шыққан еді. Содан бері әнші өзінің дарыны мен сүйкімділігінің арқасында опера Олимпының шыңына екпіндеп шықты.
Анна Нетребко, ресейлік опера әншісі:
- Маған театрларыңыз да, оркерстрлеріңіз де қатты ұнады. Қалаларыңыз да керемет, мұндай үлкен-үлкен ғимараттар қаланың сәнін келтіріп тұр. Керемет қала! Барлығыңызды да Астана күнімен құттықтаймын. Барлығыңызға денсаулық, бақыт, сәттілік тілеймін. Гүлдене беріңіздер!
Жолдаған: Тәуірбек Бозекенов
Дайындаған: Ардақ Құлтай
А. Құлтай