«Астана Опера» театры тұңғыш ұлы романтик-композитор Ф.Шуберттің туғанына 220 жыл толуын атап өтеді. 31 наурызда театрдың Камералық залында «Музыка және оның шығарушылары» циклінен «Шубертина» концерті өтеді.
Франц Шуберт өзінен кейінгі романтик-композиторлерге үлкен ықпал етті. Оның музыкалық стилі ашықтығымен, әсерлілігімен, табиғилығымен, әлемді романтикалық тұрғыда сезіне алуымен, сарқылмайтын әуезділік дарынымен сипатталады.
Ф.Шуберттің арқасындаалғаш рет әннің маңызы артып, жоғары деңгейге көтерілді. Ән әуенінде композитор тұтас сезімдер үйлесімін білдіре алды, ал оның осы жанрдағы мұрасы алты жүзден астам туындыларды құрайды. Концерт бағдарламасына Ф.Шуберттің көктем табиғаты, бұлақтардың нәзік сылдыры мен алғашқы махаббат азабы туралы баяндалатын үздік камералық-вокалдық шығармалары, соның ішінде В. Скоттың «Көл бикеші» поэмасынан Элленнің үш әні (ор.52), В.Мюллердің өлеңіне жазылған «Сұлу диірменші қыз» (op.25) вокалдық циклінен әндер ұсынылатын болады.
Осы кеште сонымен қатар аспаптық музыка әуені де қалықтайды. Сезімталдық, тереңдік пен қайталанбас көркемдік, жаңа мәнерлі тәсілдер мен әсерлі көңіл-күй толқынын молынан пайдалану – оның кеңінен таралуына, тыңдармандардың жүрегіне ең қысқа жолмен жетуге мүмкіндік берді. Композитордың ең әсерлі шығармаларының бірі –«Форель» фортепиано квинтеті, виолончель мен фортепианоға арналған «Арпеджионе» сонатасы, Ф. Шуберттің скрипка мен фортепианоға арналған ля мажор сонатасыжәне Ф.Шуберт әуендеріне жазылған Т.Бемнің флейта мен фортепианоға арналған фантазиясы орындалады.
Әйгілі австриялық композитордың шығармашылығын ұсынатын дарынды әртістер: шақырылған аспап шеберлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақпал Бекмұхамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Айбек Аширматов (альт), «Астана Опера» театры симфониялық оркестрінің музыканттары Анатолий Якушкин (контрабас), Балжан Сапарова (флейта), сонымен қатар театрдың жетекші солисі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова (сопрано).