- Негізгі бет
- Театр
- Флобер Мұқановқа ...
Флобер Мұқановқа арналған “Театр сахнасындағы сиқырлы әлем” атты көрме ашылады
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 27 ақпан күні, сағат 17.00-де Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстандағы анимациялық киноның негізін салушылардың бірі, сахна көркемдеудің үздік шебері - Флобер Темірғалиұлы Мұқановқа арналған “Театр сахнасындағы сиқырлы әлем” атты көрме ұйымдастырылады.
“Театр сахнасындағы сиқырлы әлем” көрмесін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің жетекшісі, мәдениет саласының үздігі - Наргиз Тамабекқызы жүрізеді. Сонымен қоса көрме қонақтары:
1. Шкляева Светлана Аркадьевна - өнертанушы;
2. Касымбеков Мелдехан Уалиханович - суретші, кескіндемеші, Ф.Т. Мұқановтың досы.
3. Муканов Малик Флоберович - гобелен суретшісі, Ф. Т. Мұқановтың ұлы;
4. Муканова Тамара Николаевна - режиссер-мультипликатор, Т. Мұқановтың жары;
5. Мұрат Сапаров - М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының суретші-сценографы болады.
Көрменің мазмұны: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстандағы анимациялық киноның негізін салушылардың бірі, сахна көркемдеудің үздік шебері, суретші - Флобер Темірғалиұлы Мұқанов 1939 жылы 14 желтоқсанда, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында дүниеге келген.
1960 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1978 жылы Мәскеудегі МХАТ студиясының қоюшы-суретшілік бөлімін бітірген. 1978 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында суретші қызметін атқарды. Қазақ сценография өнерінің дамуына мол үлес қосқан.
Ф.Мұқанов "Майра" (Ә.Тәжібаев), "Шыңғысхан" (Иран-Ғайып), "Абай" ( М.Әуезов), "Қозы Көрпеш - Баян сүлу", "Ақан сері - Ақтоқты" (Ғ.Мүсірепов), т.б. спектакльдерінің декорациясын жасады. Ол сондай-ақ Қазақстанның өзге де театрларында жұмыс жасап, және көптеген халықаралық деңгейдегі көрмелердің қоюшы-суретшісі болды.
Ф.Мұқанов пейзаж жанрында өзіндік қолтаңбасы бар суретші ретінде белгілі. Оның графика, акварель, темпера техникасында салған шығармалары мемлекеттік және жеке қорларда сақтаулы.
Көрме мақсаты: Сахнаның сұлулығын, эстетикасын, оның тұтастай атмосферасын түзуші мамандар - сценограф - суретшілер. Театр суретшісінің жұмысын сахнаны әрлендіру және қойылыммен үндестігіне қарап бағалайды. Ал, бір қарағанда қарапайымдау көрінетін жұмыстың астарында қаншама сыр мен ой жатқанын жас ұрпаққа, өнерсүйер көпшілікке, театр және театр тарихына қызығушы ізденушілерге аталмыш көрме арқылы түсіндіре отырып насихаттау.
Көрме театр төрінде атақты суретші Ф. Т. Мұқановтың еңбектерін кезең-кезеңімен экспозицияда көрсете отырып, театр әлемі тек режиссер және актерлермен шектелмейтінін, сонымен қоса сахна сыртындағы өнер адамының шығармашылық еңбектерімен таныстыруды көздейді, және де шығармашылық тұлға Ф.Т. Мұқановтың бұлыңғырланып бара жатқан бейнесі мен еңбектерін көрме арқылы қайта жандандыру.
А. Оралқызы