- Негізгі бет
- Театр
- Фигаро Астанада шырқалады...
Фигаро Астанада шырқалады
«Астана Опера» аустриялық ұлы композитор В.А.Моцарттың 260 жылдығын тойлайды. «Симфоника» циклінен берілетін концерт 28 қаңтарда Камералық залда өтеді.
Данышпан Вольфганг Амадей Моцарттың ұлы жауһарларын орындайды, оған «Астана Опера» Симфониялық оркестрі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов басшылық етеді. Концерттің бірінші бөлімінде флейтада өнер көрсететін солист – халықаралық конкурстардың лауреаты Жібек Сапарғалиева.
Екінші бөлімде тыңдарманды қуантатын театр жұлдыздары – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Дина Хамзина және Нарұл Тойкенов, Арменияның халық әртісі Барсег Туманян, сонымен қатар, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жетекшілік ететін Камералық хор.
Мерейтой концертінің бағдарламасында классикалық симфония жанрының негізін қалаушылардың бірі В.А.Моцарттың ең танымал шығармалары қойылады. Мысалы, бірінші бөлімде көрермен «Фигароның тойы» операсына арналған, операдағыдай екпінді, үйлесімді және сергек увертюра түріндегі қызу пьесаны тамашалай алады.
Сонымен қатар ақжүректілік, адалдық, қарапайымдық сияқты таң қалдыратын Оркестр мен флейтаға арналған танымал №2 концерт және №40 симфония ұсынылады. Музыкадағы қарама-қайшылықтардың тоғысуы: автор қобалжу, абыржу, драматизммен бөлісіп қоймай, өмір сұлулығы мен адам сезімі жайлы әсерін ортаға салады. Екінші бөлімде Моцарттың керемет туындысы – мәңгі өшпес «Реквием» орындалады.
Маэстро Абзал Мұхитдинов Қазақстанда флейтада жеке ойнайтын жас аспапшылардың бірі, кеш қонағы Жібек Сапарғалиеваның Флейтаға арналған № 2 концертті қалай орындайтыны қатты қызықтыратынын айтты.
– Моцарттың музыкасы – бұл қашанда өнердің бастауына оралу. Кез келген орындаушы өзінің шығармашылық өмірінде оның туындыларына қайта-қайта жүгініп отыруға міндетті. Көптеген музыканттар, өзге композиторларға қарағанда Моцартты орындау күрделі деп жатады, себебі ол қаншалықты қарапайым әрі тұнық болса, соншалықты кемеңгер. Тыңдарманымызды Музыкалық классицизм дәуіріне бізбен бірге сапар шегуге шақырамыз, – деді Абзал Мұхитдинов.
Г. Берік