- Негізгі бет
- Театр
- Фарида Шәріпова тұрған...
Фарида Шәріпова тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
КСРО xалық артисі Фарида Шәріпованың тұрған үйіне өнердегі саxналас әріптестері ескерткіш тақта орнатып, еске алды.
Бүгін КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, профессор Фарида Шәріповаға 1971-2010 жылдары аралығында өмір сүрген Алматы қаласының Достық Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан көпқабатты үйдің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті.
Бұл ескерткіш тақта Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымымен Алматы қалалық әкімдігінің мұрындық болуымен ашылды. Енді бұл көшемен жүрген қала тұрғындары тақтайшаға қарап Фарида Шәріпованы еске алатын болады. Ескерткіш тақтаны Фарида Шәріпованың әріптестері, сахналас, өмірлік достары Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі, театрымыздың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовпен Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, театрымыздың артисі Сәбит Оразбаев ашты.
- Енді, бүгін Фаридаға ескерткіш тақта ашып жатырмыз. Осы жерде мына тұрған үйде екеуміз көрші тұрдық. Фаридамен студент кезімізден бастап қойылымдарда партнер болдық. Ол бұл өмірден өткенше достығымыз жалғасқан. Театр сахнасында көптеген спектакльдерде бірге ойнадық. Фарида тәрбиесімен, тәртібіменен жастарға үлгі – өнеге болған талантты актриса. Енді өмір заңы осылай ғой! Бұл өмірде мәңгілік ештеңе жоқ. Фариданы ерте кетті деп есептейміз. Әлі біраз рөлдер сомдайтын мүмкіншіліктері болды. Бірақ тағдыры солай болды. Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Кеңес одағының халық әртісіне енді қала әкімшілігі Алматы көшелерінің біріне Фариданың есімін беру керек деп ойлаймын. Топырағы жайлы болсын!- дейді КСРО халық артисі, театрымыздың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов.
Фарида Шәріпова 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданған. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы театрда үздіксіз өнер көрсеткен. Сахнада қазақ және әлем классиктерінің драмалық туындыларында, осы заманғы қойылымдарда басты рөлдерді шеберлікпен орындап, ұлттық театр өнерінің жаңа сапалық биікке көтерілуіне үлкен үлес қосқан. М.Әуезовтің “Айман-Шолпанында” Шолпан, “Абайында” Ажар, “Қара қыпшақ Қобыландысында” Қарлыға, “Еңлік-Кебегінде” Еңлік, “Карагөзінде” Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш-Баян сұлуында” Баян, Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен терінде” Ақбала, Т.Ахтановтың “Боранында” Жаңыл, Ш.Айтматовтың “Жәмиласында” Жәмила, “Ана – Жер-анасында” Толғанай, Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың “Көктөбедегі кездесуінде” Гүлжан мен Айша, Қ.Мұхамеджановтың “Біз періште емеспізінде” Асыл, О.Бөкеевтің “Құлыным меніңінде” Анар, Д.Исабековтің “Әпкесінде” Қамажай, С.Балғабаевтың “Ғашықсыз ғасырында” Фарида, Софоклдың “Эдип патшасында” Иокаста, Еврипидтің “Медеясында” Медея, Шекспирдің “Асауға тұсауында” Катарина, “Ричард ІІІ” трагедиясында Анна леди, Пушкиннің “Шағын трагедияларында” донна Анна, Чеховтың “Сүйікті менің ағатайымында” Елена Андреевнаның қайталанбас образдарын сомдаған.
- Бұл кісіні қазіргі жастар білмеуі мүмкін! Алтын дауыс иесі еді ғой! Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» атты киносын баршамыз жақсы білеміз. Сонда баланың дауысын Фарида апай орындады. Міне, қараңыз содан-ақ оның қандай талантты актриса болғанын айтуға болады. Фарида апаймен сахнада бірге өнер көрсету біз үшін үлкен мақтаныш болатын. «Ғашықсыз ғасыр» деген спектакльде ол кісі басты бейнеде ойнады. Ал мен сол кісімен бірге жүрген досын ойнадым. Ол кісімен сахналас болу өте қиын. Ол кісі қарап тұрғанда, көзіне қарау мүмкін емес! Ішкі күші деген ғажап болатын тұғын. Тіпті қойылымда оның қасында іштей дірілдеп тұратын едім! Сол кісімен сахнада бір рөл болсада ойнаған бақыт қой! Бүгін еске алып жатқанымызға өте қуанып тұрмын. Бүгінгі тақтаны өте жақсы ораналастырды. Театр ұжымына және қаланың әкімшілігіне рахмет айтқым келеді. Өйткені олар өнер адамының ел алдындағы қандай еңбегі бар екенін жақсы біледі, - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева.
Фарида Шәріпова кино саласында да жемісті еңбек етті. Ол әйгілі режиссерлер Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әзірбайжан Мәмбетов, Леонид Агранович түсірген көптеген танымал фильмдерде ойнады. Дубляж саласына да көп еңбек сіңірді.
Фарида Шәріпова өнерлі жастарды тәрбиелеу ісіне жете көңіл бөлді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында көрнекті актер Ы.Ноғайбаев екеуінің шығармашылық шеберханасында шыңдалған жастар бүгінде еліміздің театрларында жемісті еңбек етіп жүр. Фарида Шәріпова мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі құрметті атақтарын, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы мен КСРО Мемлекеттік сыйлығын, “Парасат” орденін иеленді.
Бұл ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты жұма күніне сәйкес келуіне орай, Фарида Шәріпаваның тұрған пәтерінде ұрпақтары дастархан жайып, марқұмның аруағына құран бағыштады.
Аса дарынды актриса, көрнекті өнер қайраткері Фарида Шәріпованың жарқын бейнесі халықтың жадында әрдайым сақталады.
А. Оралқызы