ҚР Халық әртісі, профессор, «Парасат» орденінің кавалері (2006) Есмұхан Обаев «Абай» операсында қоюшы режиссердің кеңесшісі. Аталған спектакльдің тұсаукесері «Астана Опера» театрының Үлкен залының сахнасында 25 және 26 қыркүйекте өтеді. Өнердегі танымал тұлға – Е. Обаев ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығын неше жылдан бері зерттеп келеді және аттас операны талай рет қойған. Бүгін ол тұсаукесер алдындағы дайындықтың ұсақ-түйегі жайлы өзінің сұхбатында бөлісті.
- Есмұхан Несіпбайұлы, сіз «Абай» операсының қоюшы режиссері Джанкарло дель Монакоға кеңес бересіз. Репетициялар жоспардағыдай жүріп жатыр, тұсаукесерге оншақты күн қалды, көрерменді не күтіп тұрғаны жайлы сөз етсеңіз?
- Елордалық театр қоятын «Абай» операсы Абайдың әлемі жайлы мүлдем жаңа түсінік береді. Біздің түсінігімізде Абай – бұған дейін қоюшылар тек кескінін бейнелеген, көбіне сәулетті бейнесін көруге болатын философ, ұлы ойшыл. Біз оны ақын, сүйетін адам ретінде талантының өзге қырларын ашуға тырысамыз. Абай болашақпен өмір кешті, өзінің уақыты келетінін білді, күтті және ол уақыт келді, ол – біздің бүгінгі күніміз. Өркениетсіз, сыртқы әлеммен байланыссыз және білімсіз болашақ бұлыңғыр екенін ол сол кезде-ақ түсінген және онысы рас еді. Қазір ғаламданудың қарқынына тек үлгеріп отыру керек екенін біз жақсы түсінеміз.
- Сонда, бұл қойылымның жаңалығы неде?
- Орындау мәдениетінде. Менің мақсатым – Абайдың, оны қоршаған ортаның, сол заманның музыкалық бейнесін жасау. Қоюшы режиссер Джанкарло дель Монако Абайды қазақ халқының мәдени қайраткері деп атады және онысы даусыз. Абай өмір бойы адам баласының табиғатын зерттеді, қазақ халқының әлеуметтік қағидаларын жақсартуға ұмтылды және жұртының ғұмыры өзгеретінін болжады. Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтан Абайға ақын ретінде баға беруді өтінгенде, ол, Абай – ақын емес, ол – пайғамбар деп жауап қатқан! Дәл айтқан екен.
- Сценография мен костюмдерді әлемге әйгілі итальяндық шеберлер – Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино әзірледі. «Астана Опера» сахнасының техникалық мүмкіндіктерін және Джанкарло дель Монаконың ойластырғанын ескерсек, тұсаукесер қызықты болатынға ұқсайды. Сіздің де эксперимент жасауды жаныңыз сүйетінін білеміз. Осындай алыптардан тұратын шығармашылық топтың жұмысының нәтижесі мәдени сілкініс тудырады деуге бола ма?
- Көрерменнің операны қалай қабылдайтынын болжап айту қиын. Мәдени сілкіністің болуы – ол уақыт еншісінде, алайда биік өнерді сүйетін қауымды таң қалдырамыз деп уәде береміз. Кез келген қойылым өз заманының тілінде сөйлейді. Қаншама режиссер қанша рет бұл операны қойып, көрерменге өз Абайын ұсынды, ал әлем қоғамдастығы күні бүгінге дейін ұлы ойшылды зерттеуін тоқтатпастан, оның талантының жаңа қырын ашуда. Абай – ұлттың ар-ұяты. Қазақ данышпанының 170 жылдығы тек елімізде ғана емес, шет елдерде де атап өтілуде. Осыған орай, біз Абайды тек мереке күндері еске алмауымыз керек екендігін атап өткім келеді. Абайдың өсиетін әрбір адам ұстануы қажет, біз әр таңымызды Абай деп атқызып, өз-өзімізге: «Бүгін мен тек өзіме ғана емес, қоғам үшін пайдалы не істеймін?» деген сұрақ қоюға тиіспіз. Яғни, бізде Абайдың алдында жауапкершілік болуы керек, неге десеңіз, ол сонау заманда біздің бүгініміз үшін қам жеді. Ұлы ақын өз халқын бүкіл дүние жүзіне танытты.
- «Астана Опера» театрының сахнасының техникалық мүмкіндігімен ойдағыны толық жүзеге асыруға болады. Бұл жерде қуана жұмыс жасайтын шығарсыз?
- Иә, «Астана Опера» сахнасының техникалық мүмкіндігі қайран қалдырады және классикалық театрдың заманынан қалмайтыны тамаша, бұл жерде күрделі деген кез келген қойылымды қоюға болады. Көрермен тек әртістің эмоциясына ғана қанықпай, кинодағыдай бейнеинсталляцияларды және арнайы әсер беретін керемет көріністі тамашалай алады.
- Алып-қосарым, тұсаукесерді міндетті түрде көру керек, себебі Абай сан қырлы, ол бір оқыған сайын қызықтыратын, соңынан ілестіріп әкететін кітап сияқты. Шығармашылық топтың мақсаты – көрерменге ойландыратын азық беру, олар келіп, жай ғана Абайдың қалай ән салғанын тыңдап қоймай, Абайдың не жайлы толғанатынын, не жайлы айтып тұрғанын, ұлы ойшылды не мазалайтынына ойлануы қажет.